Ғалам ғалымдарымен бітескен ғұмыр


23.01.2019, 3:06

Өркениетті ғаламды қалыптастыру үшін өмірдің әр кезеңінде түрлі мемлекеттер өздігінше адамның интеллектуалды білімімен жасалған еңбегінің нәтижесінде даму үдерісін жолға қойды. Адам жаратушының ең үздік туындыларының бірі десек болады, өйткені адамдар жасына, жынысына, тұрғылықты мекеніне, психологиялық ерекшеліктеріне қарамастан ғылым мен мәдениет туындыларын жасап шығаруға қабілетті. Дегенмен, әлемнің барлық тұрғындары бірдей керемет дарын иелері деп атай алмаймыз. Сондықтан, ғалымдар мен өнертапқыштар үшін туындыларын жекешелендіру яғни, авторлық құқықты сақтау аса маңызды.  Демек, «интеллектуалды меншік» термині даралау, жекелеу құралдарының нәтижесін заңмен бекітілген уақытша айрықша құқық дегенді білдіреді.

Еліміз дамыған елдердің қатарына қосылу үшін өзінің инновациялық жобаларымен де көпке танылуы тиіс. Осы мақсатта Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстан 2030 және 2050» стратегиялық жоспарлары мен жыл сайынғы жолдауларында мемлекеттің интеллектуалды тұрғыдағы дамуын алдыңды қатарларға қояды. Мәселен, Президенттің 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында: «Ғылыми қамтымды экономика құру – ең алдымен Қазақстан ғылымының әлеуетін арттыру. Бұл бағыт бойынша венчурлік қаржыландыру, зияткерлік меншікті қорғау, зерттеулер мен инновацияларды қолдау, сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жөніндегі заңнаманы жетілдірген жөн» деген болатын.

Тәуелсіздік алғанға дейін, халқымыз интеллектуалды меншік, авторлық құқық ұғымдарымен толыққанды таныс болмады, себебі КСРО кезеңінде кез-келген туынды халық игілігі үшін деген атаумен мемлекет меншігіне тіркелетін болған. Ал , тәуелсіз демократиялық елде әр адам өз құқығын білгені абзал, сондықтан интеллектуалды меншіктің келесі түрлері туралы білген жөн: авторлық және аралас құқық, тауар белгілері, өнеркәсіптік үлгілер, патенттер. Жақында Алматы қаласы соттарының жобалық кеңсесінің сайтында интеллектуалдық меншікке қатысты мәселелерді талқылау үшін дөңгелек үстел өткізілді. Алматы қалалық сотының, аудандық және оған теңестірілген соттардың судьялары, қалалық Әділет басқармасының, Ұлттық интеллектуалдық меншік институты мен адвокаттардың өкілдері қатысқан іс-шарада интеллектуалдық, авторлық құқықпен байланысты және патенттік құқықтарды қорғау мәселелері талқыланды.

Алматы қалалық сотының судьясы Марал Тасыбекова Дүниежүзілік интеллектуалдық меншік ұйымының (ДИМҰ) Женевадағы штаб-пәтерінде өткізілген интеллектуалдық меншік жөніндегі халықаралық форумға әлемнің 64 елінен 120-дан астам судьялардың қатысуы туралы айтып берді.

Жаңа заманның дарынды азаматтарымен қызметтес болып, халықтың игілігі үшін түрлі туындыларды дүниеге әкеліп жүрген дарынды тұлғаларға кәсіби тұрғыда көмек қолын созуға ниеттес болсаң, қазақ білім ордасының қара шаңырағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Заң факультетіне кел! Сапалы, кәсіби стандарттарға сай білім ғана, жарқын болашаққа кепілдік бермек.

 

 

Аға оқытушы азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқық кафедрасы Худайбердина Г.А.