«Сауат ашу» кітабының авторы: «Мұғалім талапты дұрыс жүзеге асырмай отыр».


22.11.2019, 9:40

Біздің әңгімеміз көпшілік түсінбей жүрген «Сауат ашу» оқулығының тарихынан басталды.

Әзия Елеупанқызы: «Сауат ашу» оқулығының негізі А.Байтұрсыновтың «Әліппелерінен» («Оқу құралы», «Жаңа Әліпби») бастау алады. Қазақ бастауыш мектебіндегі сауат ашу әдістемесін алғаш ғылыми тұрғыдан  ғалым  Мүслима Құдайбергенқызы Жұбанова зерттеді. Ол  1965 жылы «Бастауыш мектепте сауат ашудың методикасы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, сауат ашу жүйесін жасады. 2010 жылдарға дейінгі  типтік оқу жоспарларында «Сауат ашу және тіл дамыту» білім мазмұны «Қазақ тілі» пәні аясында қарастырылып келгені белілі. Соған сәйкес «Қазақ тілі» пәнінің мазмұны  «Әліппе», «Ана тілі», «Қазақ тілі» оқулықтары арқылы жүзеге асырылды. 2010/11 оқу жылында алғаш рет сауат ашудан берілетін білім мазмұны «Сауат ашу» деп аталатын пәннің  бағдарламасында бөлек қарастырылды. Оқу жоспарында пәннің  атауы «Сауат ашу»  деп аталғанымен, сауат ашудың кезеңдік (дайындық кезеңі, әліппе кезеңі, әліппеден кейінгі кезең) ерекшеліктері мен әрбір кезеңнің атқаратын қызметіне сәйкес «Әліппе», «Ана тілі» оқулықтары құрастырылып, осы оқулықтар арқылы пәннің мақсат-міндеттері жүзеге асырылды. Жаңартылған білім мазмұнына сәйкес құрастырылған «Сауат ашу» оқулығында сауат ашудың кезеңдік ерекшеліктері мен әр кезеңнің атқаратын қызметі ескерілген.

Автордың айтуынша, сауат ашудың алғашқы кезеңінде мектепке келген балалардың сөйлеу деңгейі анықталады, соған сәйкес сөйлеуді дамыту, сөздік қорды байыту жұмыстары жүргізіледі. Яғни базбіреулер айтып жүргендей, бірден мәтін оқуға көшпейді, сөйлеу әрекеті  тәсілдерін меңгереді. Бұл жерде мұғалімнің алатын рөлі үлкен. Себебі ол жердегі алғашқы тапсырмалардың барлығы да тек мұғалімнің нұсқауымен орындалады. Қазір осыны ұғындырғанның арқасында блогерлер мен вайнерлер өз қатесі үшін кешірім сұрады.

Әзия Елеупанқызы: Алғашқы кезде «Сенің атың кім? деген қарапайым сұраққа толық  жауап бере алмайтын оқушылар  көп кездеседі.  Олардың көпшілігі «иә» немесе «жоқ» деген қысқа жауаптармен шектеледі. Сондықтан сауат ашудың дайындық кезеңінде осы проблемаларды шешуді көздейтін тапсырмалар жүйесі қарастырылады.  Сөйлеу, сөйлем, сөз, буын, дыбыс, дауысты және дауыссыз дыбыс туралы қарапайым түсінік беріледі және олармен жұмыс сызба модель арқылы жүзеге асырылады. Өйткені, бұл түсініктер берілмесе, балаға әріп пен дыбысты үйрену қиынға соғады».

Бұл оқулықтың көпшіліктің сынына ілінген тағы бір тұсы – әліппеге дейінгі кезеңде берілген тапсырмалар легі. Бірақ бұл кітаптың еш жерінде балаға «оқы» деген тапсырмалар жоқ екенін айта кету керек. Тек оқулықта «айт», «тыңда», «ойлан» шартты белгілерімен тапсырмалар берілген. 

Әзия Елеупанқызы: «Кейбір мұғалімдер сыныпта тыңдауға берілген өлең шумақтарын үйге жаттауға береді. Өлеңді жаттату қадамдарын (алгоритмін) білмейтін ата-ана үшін бұл – оқулыққа пікір айтуға итермелеудің төте жолы. Бұл жерде мұғалім, біріншіден, бағдарламалық талапты дұрыс жүзеге асырмай отыр. Оқу мақсатына сәйкес оқушының тыңдалым әрекетін дамытуға берілген тапсырманы өзі түсінбейді немесе осы тапсырма бойынша күтілетін нәтижені қысқа мерзімді жоспарда дұрыс анықтамаған. Сондықтан тапсырманың түрін өздігінен өзгертіп отыр. Екіншіден, ата-аналарымен жаңартылған білім мазмұны бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізбеген. Ата-ананың оқулық бойынша түсінбеген сұрақтарына тұщымды жауап болмаған.

Кез келген мұғалім мәнерлеп оқи алмайтыны белгілі. Осыны ескере отырып, тыңдалым мәтіндерін  кәсіби мамандарға оқытып, аудиодискіге жаздырдық. Бұл бір жағынан, балада тыңдау сезімін  дамытса, екінші жағынан мәнерлеп, әдемі сөйлеуге үйретеді. Аудиодискідегі мәтіндерді тыңдату тек сыныпта мұғалім басшылығымен жүзеге асырылады.

«Сауат ашу» оқулығын көріп отырып, бұл жүйе Назарбаев атындағы зияткерлік мектебінде оқитын немесе сондай жағдайдағы мектеп-гимназияларда оқитындарға арналғандай көрінетіні рас. Ал ауылда тұратын, сонда оқитын балалар аудиодискіні алып қолдана ала ма, оған жағдай жасалған ба деген сұрақ еріксіз ауызға түседі. Мысалы, менің ауылымда екі үйдің бірінде компьютер табылады дей алмаймын дегеніме автор: «Бұл аудиодиск – қазіргі кез келген магнитафон секілді қондырғыларға жүктеле беретін қарапайым құрал. Аудиодискімен жұмыс сыныпта мұғалімнің көмегімен тыңдатылуы керек. Үйге тапсырма ретінде берілмейді. Қазір біздің ақсап отырғанымыз сол, мұғалім «Сұрақтарға жауап бергізіңдер, суретпен жұмыс жасатыңыздар» деп, бәрін ата-анаға тапсырып жібереді екен. Енді тағы бір сорақылық, бұл тапсырмалардың жауаптарын үй тапсырмасы ретінде жасап, сатып пайда көріп отырған сайттар бар.  Арнайы сайтта жаңа бағдарламалар бойынша құрастырылған барлық пәннің  әр сынып бойынша тапсырмалары жауаптарымен тұр. Үй тапсырмаларын жауаптарымен тек ақылы түрде жүктеп ала аласыз. Яғни біреу пайда үшін оқулықтағы айтылымға берілген тапсырмаларды үй тапсырмасына айналдырса, ал бұл жастағы балалар үшін қарастырылмаған үй тапсырмасын  үйге беріп мұғалім «жаңалық» ашып отыр.

Шынында жаңадан ашылған сайт осы жердегі әр тапсырманы орындап, жазып қойған болып шықты. Ал бірақ негізгі оқулықта жазуға еш тапсырма берілмеген. Олардың барлығы да ауызша айтуға, ойлануға арналған. Ал бала осы сатыдан өткеннен кейін, шамамен қазан айының екінші аптасында жаңа әріп пен дыбысты үйренуге көшеді. Ал әріпке дейінгінің бәрі – сызба, модель. Дегенмен ол бөлімдер бұрынғыдан күрделене түскенін мойындау керек. Ал қазір аядай сыныпта 35-40-тен отырған бүлдіршіндер мұны меңгере ала ма? Оған мұғалімнің қабілеті жете ме?

Әзия Елеупанқызы«Қазір Алматы қаласындағы мектептердің бастауыш сыныптарының әрқайсысында 40-тан аса оқушы отырған сыныптар кездеседі. Оқушының аз-көптігі емес, мұғалімнің материалды игертудегіі шеберлігі қазір басты проблема болып саналады. Сауат ашудың дайындық кезеңінде сызба, модельмен  жүргізілетін жұмыс бұрынғы «Әліппелерде» де болған.Мұндай тәсілдерді қолдану арқылы балаларды сөйлету, сөздік қорын байыту, сөзді буынға бөлгізу, әр буындағы немесе тұтас сөздегі дыбыстардың түрін, орнын  анықтату арқылы келесі әліппе кезеңінің материалдарын меңгертуге даярлаймыз. Аталған дағдыларды балалар дұрыс игермейінше, жаңа әріп пен дыбысты меңгерту өз нәтижесін бермейтіндігі белгілі».

Ал қазір барлығына берілген бұл оқулық қандайда бір зерттеулеулердің нәтижесінде ұсынылды ма және оның көлемі неге тым үлкен деген сұрақ көпшілікті мазалайтыны рас. Автордың айтуынша, оқулық қолданысқа берілмей тұрып, 30 пилотты мектепте тәжірибеден өткен. Және оның алғашқы оқушылары қазір 4 сыныпты оқып жатыр екен.

Әзия Елеупанқызы: «Бұл оқулық Қазақстан Республикасы  30 пилотты мектебінде сынақтан өтті. Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық Білім Академиясының  2016 жылғы апробациядан өткізу мониторингі бойынша есебінде  «Сауат ашу»  оқу бағдарламасы оң нәтиже көрсетті. Қаншама зерттеулер жүргізілген, барлығы салмақпен берілген. Олар кәдімгі санитарлық нормаға сәйкес. Бір оқулықтың қанша грамм тартылу керек, оның да есебі бар».

Бұл оқулықты тек Әзия Елеупанқызының өзі ғана емес, бірнеше мамандар қосылып жазғанын ескеру керек. Атап айтар болсақ, педагогика ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор  Гүлбану Сәдуақас пен Мейіргүл Оспанбековалар көп жыл мектепте бастауыш  сыныптың мұғалімі болған. Яғни олар практика мен теорияны қабыстырған жандар. Бұл оқулыққа байланысты түрлі сындар мен пікірлерге авторлар баспасөз арқылы жауап беріп жүр.

Дегенмен авторлар көп шу мектеп мұғалімдерінің әлі де білім беру үдерісіндегі жаңалықтарды ескермей отырғанынан және «ескіден» арыла алмай жүргендерінен дейді.  Әзия ханым да өз сөзінде «Осылай шу шығарып жүрген ата-аналардың «мұғалімі» (баласын оқытатын сынып мұғалімі) көп жағдайда, жаңартылған білім мазмұны бойынша арнайы курстан өтпеген, оған қоса сауат ашу әдістемесін білмейтіндер боп шығады» деп, өз ренішін білдірді. Ал біз олардың қабілеті мен мәртебесін қалай арттыруды педагогтар даярлауға қатысып отырған Әзия Елеупанқызының өзінен сұрадық.

Әзия Елеупанқызы: «Біріншіден, мектеп әкімшілігі жаңа форматтағы оқулықпен жұмыс істеуге дайындығы бар, осы сыныпта өтілетін әр пәннің әдістемелік ерекшелігін білетін,  жаңартылған білім мазмұны бойынша арнайы курстан өткен мұғалімдерді ғана оқу-тәрбие үдерісіне жіберуі қажет, екіншіден, педагогикалық шеберлік орталықтарында өтілетін курс мазмұнында әр пәнді жүргізудің әдістемелік ерекшеліктері де ескерілуі керек. Авторлық ұжымның  Алматы қаласы мен облысының бірқатар аудандарында 1-сынып мұғалімдерімен «Сауат ашу» пәнінің әдістемелік ерекшеліктерін түсіндіру мақсатында өткізген семинар тренингтерінің өз нәтижесін бергені тыңдаушы мұғалімдермен жүргізілген кері байланыста анық байқалды. Мұғалімдердің «Осындай түсіндірме жұмыстары оқу жылы басталмас бұрын ұйымдастырылса, мұғалім еш қиналмастан сабақты жақсы беріп шығар еді», «оқулықтағы тапсырмаларды орындатуда мұғалім тарапынан қолданылатын әдіс-тәсілдердің де жаңа сипатта болу қажеттігіне көзіміз жетті», «модельмен жұмыс істеу әдістемесін үйрендім» және т.б. пікірлері пәнді оқыту әдістемесі төңірегінде іс-шараларды ұйымдастыру қажет деген ойымызды нақтылай түсті. Үшіншіден, жоғары оқу орындарында «Сауат ашу» пәнін оқыту әдістемесі жүргізіліп, болашақ маман сол пәннің құрылымдық-мазмұндық болмысы мен оны оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдемелерді игеруі қажет. Бастауыш білім педагогтерін даярлайтын жоғары оқу орны білім беру бағдарламаларында көп жағдайда аталмыш пәннің әдістемесі арнайы қарастырылмайды немесе тіптен оқытылмайды деге де болады.   Сондықтан 1-сынып оқушысына хат танытып, сауатын ашатын құралмен жұмыс істеу әдістемесін болашақ маманның жоғары оқу орнынан біліп келуі міндетті болуы тиіс.

Қазір жаңартылған білім жүйесімен қатар, латын әліпбиіне көшуге дайындық жұмыстары да іске асырылуда. Бір өкініштісі бұл оқулық та сол кезде өз миссиясын орындап, көштен қалады. Осы орайда балалардың деңгейі әлсіремей ме дегенімізге автор: «Әліппенің әдістемесін білетін адам болса, дұрыстап құрастырады. Бірінші кезекте  әріптер жүйесі оқушыларға көбірек сөз үйрету мақсатына бағындырылуы қажет. А.Байтұрсыновтың өз «Әліппелерінде» ұстанған дыбыстың дыбысталу қарқынының күшін ескеру; дыбыстың сөздегі жиілігін ескеру; дыбыстың тіркесімділігі ерекшелігін ескеру принциптерін әріптер мен соған сәйкес дыбыстардың  орнын белгілеуде  басшылыққа алған дұрыс деп есептеймін. Өйткені мұндай ұстанымдар басшылыққа алынып, әріптер мен соған сәйкес дыбыстар жүйесінің орындары дұрыс анықталатын болса, онда оқушылардың сауатын қоғам талаптарына сай ашу мүмкін болатыны сөзсіз» деді.

Сондай-ақ авторлар қазір сауаттылық деңгейі мен мұғалімдердің қабілетін көтеру мақсатында түрлі әдістестерді жүзеге асыруда. Соның бірі — біздің сайттымызбен байланыс орнатып, баршаға қол жетімді түрде оқу-әдістемелік құралдардың ерекшеліктеріне тоқталатын видео сабақтар ұсынуды қолға алмақ ниетте.