Гитлердің әскеріне тиесілі 4 тонна алтын табылды


31.10.2018, 21:04

Британдық зерттеушілер  Исландия жағалауынан бортында алтын салынған жәшіктері бар Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі «SS Minden» жүк кемесін тапты. Төрт тонна алтын Гитлердің әскеріне тиесілі болған.

Алдын ала болжам бойынша, кемені Гитлердің ең жойқын әскері саналған «SS» жендеттері жүргізген. «Daily Mail» ақпарат құралының жазуынша, корабль 1939 жылы Исландиядан 190 шақырым жерде батқан. Кейбір деректерге қарағанда, Гитлердің өзі оны британдық флот байқап қалғаннан кейін батыруға бұйрық берген. Табылған алтын оңтүстікафрикалық банктерден алынған. Қазынаның нақты бағасын зерттеушілер әлі айқындап біткен жоқ. Дегенмен, төрт тонна алтынның жалпы құны 100 миллион стерлингке жетуі ықтимал. Өткен ғасырдың екінші ширегінде германдық Гитлер билігі бүкіл Еуропаны жаулады. Неміс диктаторының тұрақты 7 миллион, 200 мың әскері болды. Сонымен бірге, әуеде де, суда да, құрлықта да Гитлер әскеріне ешбір шетелдік сарбаздар қарсы келе алмаған еді.