Ыстықта суытатын, аязда жылытатын жаңа жүйе


31.10.2018, 22:03

Австралияның ғалымдары ауаны аптап ыстықта суытатын, аязда жылытатын жаңа жүйе ойлап тапты. 

Үскірік аяз, бұрқасын боран болғанымен, жердің тек беткі қабаты ғана қататыны белгілі. Яғни, жер астындағы жылу сыртқа шықпайды. Топырақ жылу жібермейді. Табиғаттың осы қасиетін австралиялық ізденімпаз ғалымдар кәдеге жаратты. Олар жаздың ыстық ауасын жер асты қоймасына жинап, суық түскенде нысанды жылытуға пайдаланады. Әуелде тың жүйе тек геологиялық нысандарға ғана қолданылатын. Қазір тұрғындар арасында да сұраныс артты. «Бұл жүйе жердің тұрақты температурасын пайдаланады. 100 метр тереңдіктегі ауаның температурасы қысы-жазы 17-18 градусты көрсетеді», – дейді геологиялық ғылымдар агенттігінің қызметкері Ханна Слеттери. Ғалымдар жаздың аптап ыстығында жер астындағы қоңыр салқын ауаны сорып алып, орнына ыстық ауа жинайды. Ал қыста жүйе керісінше жүреді.