Жаңартылған білім мазмұны кеңістігіндегі Таксономия


03.04.2019, 13:37

Жаңартылған білім мазмұны кеңістігіндегі Таксономия

 

Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы түбегейлі өзгерістердің арасында жаңартылған оқулықтар мазмұны Блум таксономиясына сүйене құрылған. Бұл әдісті тиімді де нәтижелі әдіс ретінде Республика мұғалімдері өз тәжірибелерінде пайдаланып жүр. Мақсат бір болғанмен, оған жететін жол әр-қилы. Мәселен, біреулер бөлім тақырыптарын таксономия деңгейлеріне бөліп оқытса, екіншілер сабақтарды екеу-үшеуден топтастырып алты деңгейге реттеп оқытады. Қалай болғанмен де, еңбек нәтиже бергендіктен, Блум таксономиясын қолданушылар қатары өсіп келе жатыр.

          Жаңартылған білім мазмұнының негізгі мақсаты – оқушының өздігінен білім таба білу қабілетін, кез келген әлеуметте бейімделе білуін, өзін-өзі реттей ала білу қабілеттерінің дамуына жағдай туғызу. Әлемдік стандарттарға ұмтылыс ретінде бағалау жүйесі де өзгеріп отыр.

Бүгінгі таңда қалыптастырушы бағалаудың рөлі өте маңызды. Сондықтан да, қалыптастырушы бағалаудың негізі болып отырған кері байланыс тиісті деңгейде ұйымдастырылуы керек. «Кері байланыс» пен «Рефлексия» терминдерін ажырататын болсақ, «кері байланыс» - біреуге берген, немесе біреуден алған пікір, баға. Ал «рефлексия» ұғымы адамның өзімен-өзі жекеше қалып ой қозғауы, өз әрекетіне, немесе көргеніне, білгеніне баға беруі. Осы қос ұғымның сабақ беру практикасына табысты енуіне ықпалдаушы құрал ретінде ұстаздарға Блум Таксонимиясы ұсынылып отыр.

Қазіргі заман азаматының ересек өмірде табысқа жетуі коммуникативтік дағдыларының дамуына тікелей байланысты. Сондықтан, оқушының айтылым, тыңдалым дағдыларының дамуын мемлекет алдыңғы қатарға қойып отыр. Бұл орайда ұстаз бен оқушы үшін Блум таксономиясының деңгейлері таптырмас көмекші құрал болып отыр. Жоғарыда айтқандай, әр ұстаз таксономияны өз ыңғайына қарай пайдаланып, сабағын ұйымдастырады. Ал №3 Красный Яр көпсалалы орта мектеп-гимназия мұғалімдері үшін ыңғайлы жол – сабақ ішінде таксономия деңгейлеріне қарай жіктеп тапсырмалар орындату.

Менің ойымша, оқушыларға жаңа білімді қалыптастыруда Блум таксономиясының төменгі ойлау деңгейлері тілдік, логикалық жаңа білімдерін қалыптастыруда өте маңызды орын алады.

       «Білу»  деңгейінде оқушы жаңа тақырыпты меңгеруге байланысты қажет ақпаратты қайталайды. Сол себепті оқушы бұрынғы білімінің негізінде жаңа білімді қалыптастыруға дайын.  Жеке тәжірибемнен, бұл деңгейде кейбір оқушылар  жаңа білім алуы да мүмкін деп айта аламын.

Жаңа білімді қалыптастыруда оқушының теориялық материалды меңгерулері өте маңызды. Мұғалімнің жеке тәжірибесіне байланысты жаңа білімді меңгерту үшін таңдайтын әдіс тәсілі де оқушыға жаңа білімді қалыптастыруға үлкен әсерін тигізеді.

Мектеп-гимназия тәжірибесіндегі зерттеу нәтижесі көрсеткендей, жаңа тақырыпты меңгерту үшін оқушыға өздігінен оқып түсінуге мүмкіндік берген дұрыс. Оқушыда өздігінен тақырыпты меңгеру барысында көптеген сұрақтар туындайды, оқу сауаттылығы дамиды, жаңа тақырыпты, әңгімені талдауға қатыса алады. Қорыта айтқанда, жаңа білімді қалыптастыруда оқушыға дайын білімді бермей конструктивисті теорияны қолданған дұрыс. Мұғалім тақырыпты талдағанға дейін оқушы тақырыппен, ережелермен, әңгіме желісімен, идеясымен таныс болады. Түсінбеген ақпарат оқушының бойында қызығушылық тудырады. Сол себепті жаңа тақырыпты талдағанда, ол қалыптасқан сұрақтарына  жауап  күтеді, тақырыпты зейін қойып тыңдайды.

 

 

 

        Келесі қадамда мұғалім  оқушыны  тақырыпты талдауға қатыстырады. Оқушылардың  жаңа білімді түсінген деңгейін анықтау үшін Выготскийдің териясы бойынша жетелеу сұрақтарын қойып жаңа білімді меңгерткен дұрыс.

Оқушылардың жаңа білімді қаншалықты игергенін анықтау үшін жоғары және төмен деңгейлі сұрақтарды қолданылады. Сұрақ қою әдісі де мұғалімдердің сабақтарында басымдылықпен пайдаланылады. Ұстазбен қатар, оқушылар да диалогқа белсене қатысып отырады.  Осы үрдіс үстінде оқушылардың оқу сауаттылығы әрекетте екендігін көреміз. Егер де жаңа білім бойынша дағдылары толық қалыптаспаған жағдайда Выготскийдің теориясын практика жүзіне салып, оқушыны жақын арадағы даму аймағынан шығару үшін бағыттағыш сұрақтар қолданылады. Өзге оқушылардың көмегімен дамудың жаңа сатысына шығарамыз. Жұмысты осылайша құрсақ, баланың білімі бекем болатынына ұжымның көзі жетті.

Оқушылармен талқыға салған мәселені диалог соңында міндетті түрде қорытындылап, бір түйін шығару керек. Сол түйінді әрбір оқушы өздігінен қайталап шығады, бір-біріне түсіндіреді. Оқушылар бір-бірімен өтілген тақырыпта сұхбаттасқан кезде, жаңа ақпарат жадында қалады.

     Тіл мен әдебиет пәні адамның кез келген ортада жеңіл әлеуметтенуін қамтамасыз етуге ықпалдасатыны анық. Осы себептен, көптеген тақырыптарды оқушыларға өз бетімен түсіну қиын болғандықтан,  мұғалімге басынан аяғына дейін  жаңа тақырыпты  өзі түсіндіруге тура келеді. Осы жағдайға байланысты  жаңа тақырыпты түсіндіргеннен кейін сұрақтар қою арқылы оқушыларды жаңа алған білімдері бойынша ойландыру керек.

      Жаңадан  алған білімдерін қолдануды қарапайым сұрақтарға жауап беріп, қарапайым талдаудан бастап, қиын деңгейлерге біртіндеп көшкен дұрыс. Өзге  жағдайда оқушының пәнге деген қызығушылығы өшуі мүмкін. 

      Оқушылардың жауаптарына қарай, тақырыпты меңгерген деңгейіне баға беруге болады.  Бұл жерде оқушының жаңа білімді қалыптастыру процесі жалғасады. Оқушы өзінің жіберген қатесі негізінде жаңа білім алады немесе  дұрыс орындаған жағдайда тақырыпты түсінгеніне көзі жетеді, оқушының бойында сенімділік қалыптасады.

      «Қолдану» деңгейінде жаңа білімді қалыптастыруда оқушылардың көшбасшылықтарын қалыптастыру мақсатымен жақсы оқитын оқушылар төмен оқитын оқушыларға көмек көрсете алады.  

      Жаңа тақырыптың  алғашқы  сабақтарында Блум таксономиясының төменгі  ойлау деңгейлерімен  шектелуге болады.  Себебі  тақырыпқа бөлінген бірінші сабақтар  білімді  оқушылардың  бойында қалыптастыру мақсатын көздейді. Келесі сабақтарда Блум таксономиясының жоғары ойлау деңгейлеріне  жеткізу қажет.

Оқушы тақырып бойынша барлық маңызды ақпаратты біліп, түсініп қолданғаннан кейін  «Талдау» деңгейіне көшуге болады.  Бұл деңгейде оқушыларға тақырыпты қортындылай алатындай жоғары деңгейлі сұрақтар қойылады.

Жинақтау деңгейінде оқушыға тақырып бойынша сызба жасауды, «Қарлы кесек»  ойыны арқылы мысалдар құрастыруды, тест сұрақтарын құрастыруды ұсынуға болады.

Бағалау деңгейінде оқушыларға:

-Жаңадан алған білімдеріңді қалай қолданасыңдар?

-Бұрынғы білімдеріңді жаңа алған білімдеріңмен салыстырыңдар, жаңа білімдерің қандай мүмкіндік сендерге  береді?

-Венн диаграммасын толтыру т.б.

Айта кетерім, аталған деңгейлердің бәрі де жаңа білім қалыптастыру барысында, оқушының оқу сауаттылығын, визуалды ғана емес, аудиалды түрде де ақпаратты қабылдау, оны дер кезінде ұғып, талдай алу қабілетінің маңыздылығы зор. Әсіресе, жоғары ойлау деңгейлеріндегі тапсырмалар рөлі ерекше. Егер де оқушы бұрынғы білімі мен жаңадан қалыптасқан білімінің айрмашылығын көріп, білім сатысы бойынша қаншалықты көтерілгенін өзі көрсе, онда ол кез келген тапсырманы өздігінен орындай алатынына сенеміз.

Блум Такосномиясын пайдаланудың жағымды жақтары: оқушы бойында жаңа білімді дұрыс бағалау дағдылары қалыптасады. Сонымен қатар, сұрақ қою әдеті, шеберлігі дамиды, оқып отырған материалды бірден терең, тыңғылықты түсінуіне тырысады. Сол арқылы сабақ барысындағы түсініксіз сұрақтардың жауабын ала алады. Сабақтың әр кезеңі бойынша мұғалімнен кері байланыс арқылы қалыптастырушы баға алып отырады.

Баяндамамды Жүсіпбек Аймауытовтың келесі сөздерімен аяқтағым  келеді «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол жаңадан жаңаны табатын өнер».