Оқулықтағы олқылықтар


19.04.2018, 21:27

Кітап- алтын қазына, баға жетпес байлық, білім беруші тілсіз ұстаз. Ал біз алтын қазынамызды дұрыс сақтап жүрміз бе? Оқулықтағы олқылықтар өсіп келе жатқан жасөспірімнің санасына кері әсерін тигізбей ме? Білім алып жатқан мектеп оқушылары беріліп жатқан қателердің дұрыс бұрыстығына айтарлықтай көңіл аудармайды. Себебі, олар қараңғы тұңғиықтан енді  шығып, көзін ашып жатқандықтан, білімдері жеткіліксіз.

“Мектеп оқулықтарындағы қателіктерді көріп отырып, бала түгіл өзің шатасасың. 1-сынып оқушылары кезіндегідей “Әліппені” оқымайды. Бірден “Ана тілімен” бастап, “Қазақ тілімен” жалғастырып, “Математикадан” 2 таңбалы сандардан құралған есептер шығарады. Бұл олқылықтарды көріп отырып,  мектеп табалдырығын енді аттаған балаларды аяп кетеміз”- деп, өз пікірін білдірді атын жасыруын өтінген мектеп мұғалімі. Иә, айтса айтқандай балалардың болашағы бұлыңғырланып, санасыз ұрпақ, қазақ әріптерін жаза алмайтын деңгейге төмен түсіп кетпеуімізге кім кепіл?! Бұл кімді де болса алаңдатары анық. Ата- аналар оқулықтарды көріп, жағаларын ұстап отыр. Олардың пікірінше: “Шыны керек, мектепте берілетін оқулықтардағы адамның миына сыймайтын логикалық есептер, тапсырмалар, шығармаларды көріп отырып балама не айтарымды да білмей қаламын. Өте қиын. Бала түгіл өзіміз де қиналып қалатын сәттерге де жиі ұшырасып жатамыз”. Бұл олқылықтарды қоя тұра, қазіргі таңда орфографиялық, грамматикалық қателердің жиі ұшырасуы белең алып тұрған үлкен мәселе.

Аталмыш қателіктер түзелмесе елдің болашағы бұлыңғыр болатыны сөзсіз. Сондықтан бәрін қазірден бастауымыз тиіс.