ОҚУЛЫҚТА ОЛҚЫЛЫҚ КӨП...


23.04.2018, 11:31

Бүгінде ата-аналар тарапынан үнемі мектеп оқулықтары бағдарламасының күрделі  екендігі, оны көбіне ойын баласының түсіне бермейтіндігі  айтылады. Расымен, бас­тауыш сынып оқулықтарында грамматикалық, стилистикалық қателерді айтпағанның өзінде бүлдщіршіннің қабылдауына ауыр мәтіндер көп-ақ.

    

Аталған тақырыпқа тұздық ретінде Алматы облысы, Іле ауданы, Жетіген ауылындағы №11 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Аухадиева Ғаниямен сұхбат жүргіздік. Сараптама бойынша, бастауыш сынып оқушыларына ар­налған оқулық мәтіндерінде шұ­балаңқы сөйлемдер мен түсініксіз ұғымдар толып жүр. Мысалы, 1-сыныпқа арналған «Әліппе серігі» оқулығында:
Түйе тұмсық, ат құлақ
Келді лама шапқылап.
Аша тұяқ, қодас жүн,
Қоян құйрық – қораш тым,
– деп басталатын Ә.Табылдының «Лама» атты өлеңі беріл­ген. Баласы 1-сыныпқа баратын ата-ана Жексенбиева Гүлнұрдың айтуынша, осы өлеңді бір сынып түгел жаттай алмаған. «1-сынып жат­­тауларының ішін­де балаға мағынасы түсі­ніксіз әлгі өлең­дегідей «қодас», «қораш» сынды сөздер көп. Бала есте сақтап, жаттап алуы үшін мағынасын білуі керек қой. Бала түгілі өзіміз де түсінбей жатамыз. Жұмысты қойып, бала оқутыға көштік десек те болады. Ұлым күніне 5-6 сабақты мектепте оқыса, кешке үйде қиналып тағы да оұиды. Мектеп бағдарламасының сиқы осы», – дейді. Бір ғана дерек емес, 1-3-сыныпқа дейінгі оқулықтардағы тапсырмалар да өте ауыр сөз орамдарымен, күрделі, әдеби сөйлемдермен жазылған. Ойын енді дамытып келе жатқан 6-7 әрі кетсе 8 жастағы бала ұйқасты түсінбей, ақыры шатысып тақпақтарды әрең жаттайды. Негізі 1-сыныптан бастап дыбыстардың дауысты, дауыссыз, жуан, жіңішке түрлері мен сөз таптарын оқытуы оқушының жас ерекшелігін ес­керілмегендігінің дәлелі. Ал әріптерді жете танудың негізі болып табылатын әріп­тер емлесі 1-сынып бағдар­ла­масында мүлдем жоқ.
    Осындай өрескел қателіктер ­бастауыш сыныпқа арналған математика оқулық­тарында да көп кездеседі. Мысалы, 2010 жылы басылып шыққан 3-сыныпқа арнал­­ған математика оқулы­ғының бас жа­­­ғын­да жауабы мың­дық сандардан асатын есептер тізілген. Ал оқу­лық бағ­дарламасы бойынша мың­дық сандармен оқушы тек жылдың аяғында танысады. Сонда 1000 санын әлі өтпе­ген, ол санды әлі танымайтын оқу­шы ол есептерді қалай шығармақ? 1-2 сыныптың математика оқулықтарында кейбір тапсыр­малардың мәтіні балаға түсініксіз, қазақ тіліндегі жа­ңылт­паш есебінде берілген. Ал 3-4 сынып оқулықтарында тапсырма көлемі 8-10 жастағы баланың қабылдап, есеп­­ті қорытуына ауырлау. Өйткені бір сабақта 8-9 тапсырма жүк­те­леді. Мы­салы, өрнектерді есептеуге 12-16 мысал болса, мәселе есептер 3-4 жағ­дай­мен көрсетіледі, ал күрделі тең­деу­лер мен амалдардың орындалу тәр­ті­біне 3-4 өрнектен ұсынылған. Оның үсті­­не оқушылар жылда әртүрлі баспаның кітап­тарымен оқиды. Айталық, 4-сы­­­ныпта математикада басталған мәсе­ле есептер 5-сыныпта еске де алын­­­байды, тек 6-сыныпта бір тоқ­­­сан бойы оқытылады. Әр кітаптың ішін­дегі тапсырмалары мен жаңа та­қырыпты өту уақыты әртүрлі. Мұның өзі сынып арасындағы білімнің жүйе­сіздігін көрсетеді. Жоғарыда айтылған қателіктер жөндеуді талап етеді. Жиырма жылдық тәжірибесі бар қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғания Аухадиева: «Жылда ауысатын оқулық пен ондағы қарама-қайшылықтан шатасып жүр­ген оқушылардың оқудан үйреніп емес, жиреніп жүрген жағдайы бар. Бүгінде Білім және ғылым министрлігі баспалардың да, авторлардың да санын қаптатып жіберді. Ал ол білім сапасына, оқулықтар мазмұнына кері әсерін тигізуде. Еңбек өтілімнің әр жылыгда осындай қателіктерге жиі ұшырасамыз. Біз қарастырған бастауыш счынып пәндеріндегі стилистикалық, логикалыұ қателер тек бір үшы ғана. Ал толығымен қарастырылмаған, жоғарыдан зерттелмеген оқулық саны қанша екені белгісіз», – деп ренішін білдірді. Шынтуайтына келгенде, бүгінде баспа мен оқулық жа­затын ғалым да, оқулық та көп. Бірақ сапалысы саусақпен санарлық. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» – дейді қазақ. Соның кебін киіп жүргендейміз.

 Арай ЖҰМАТАЙ