Латын әліпбиінде жарық көретін тұңғыш газеттің тұсауы кесілді


04.11.2018, 0:28

Астанада латын графикасындағы жаңа басылым - «Тіл-қазына» республикалық ақпараттық танымдық газеті таныстырылды.

«Тіл-Қазына» газеті латын негізді қазақ әліпбиін нәсихаттап, жаңа қазақ емлесінің ережелерін түсіндіруге бағытталған. Онда «Әліпби», «Рухани жаңғыру», «Кие», «Ғалам», «Емле», «Сарап» және «Таным» айдарлары арқылы жаңа әліпби туралы ақпарат, танымдық материалдар жарық көреді.

Газет А3 форматында 8 беттен құралған. Бастапқыда айына екі рет 3 мың тиражбен шығару жоспарланып отыр. Сонымен бірге, Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ресми сайтында газеттің электронды нұсқасы жарияланып, онлайн әзірленеді.

Еске сала кетсек, латын графикасына көшу ұсынысы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған болатын. 2017 жылдың 27 қазанында Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды.