Меруерт Жолдықайырова: «Ұстаздық – ұлы құрмет»


16.11.2017, 17:39

Меруерт Жолдықайырқызы Жолдықайырова — Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жарты ғасырдан астам уақыт қызмет етіп келе жатқан ұстаз, КСРО Жоғары және арнаулы білім беру министрлігінің грамотасының, «Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісінің, «Еңбек ардагері медалінің», білім және педагогика ғылымы саласындағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ыбырай Алтынсарин атындағы медалінің иесі, Ұлы Жеңістің 55 жылдығына байланысты және жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталған ардагер-анамыз. Ол 1924 жылы наурыз айында Жымпиты (қазіргі Сырым) ауданы, Елтай ауылдық кеңесіндегі қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Меруерт апайымыз сегіз жасында, 1932 жылдың желтоқсан айында анасы Айшадан, 1933 жылы қаңтар айында әкесі Жолдықайырдан айырылып, әкесінің қарындасы Қанымжан мен жездесі Сапардың қолында тәрбиеленген.  1932 жылы Жосалы совхозының Маркс (Қоңыр) ауылындағы 7 жылдық мектепке барып, 1939 жылы Жымпиты орта мектебінде оқуды жағастырып, 1942 жылы бітіреді. Жымпиты орта мектебін тәмамдаған соң, қоғамдық жұмыстарға белсене қатынасып, 1941 жылы қыркүйектен бастап Жымпиты орта мектебінде аға пионер вожатый, бастауыш комсомол комитетінің хатшысы болады. 1942 жылы шілде айында совхоздарда саяси бөлім (политотдел) құру туралы КСРО-ның қаулысы шығып, 10-сыныпты бітірген бойда Тасқұдық совхозындағы парткомның комсомол жұмысы жөніндегі орынбасары етіп тағайындалады. Көп уақыт өтпей Қызыл Армияға шақырылады, бірақ оны армиядан алып қалып, ауылда мұғалім жетіспегендіктен Оралға институтқа оқуға жібереді. 1942 жылғы қазан айынан бастап А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиет бөлімінде оқып, оны 1946 жылы бітіреді. Тасқа біткен қынадай қайсар, теңдікке көнсе де кемдікке көнбей, бардың емес, ардың құлы болып, оқи жүре әуелі I курста қаладағы №4 мектепте аға пионер вожатый, одан кейін 1943 жылдың мамыр айынан облыстық радио комитетінің әуелі қазақ тілінде жүретін хабардың дикторы, одан кейін редакторлық қызмет атқарған. Институтта жақсы оқып, қоғамдық жұмысқа белсенді қатысқаны үшін студент кезінде студенттердің ғылыми конференцияларында алған тақырыптарының болашақта керектігін және тиімді екендігін байқағаннан кейін оны институтта қазақ тілі мен әдебиет кафедрасына оқытушылыққа қалдырады. 1965 ж. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің қазақ тілі кафедрасына ізденуші болып тіркеліп, оның «Жай сөйлем түрлерін оқыту әдістемесі» атты ғылыми-зерттеу еңбегінің тақырыбы бекітілді. Ғылыми жетекші болып доцент И.Е.Маманов бекітілді. Алайда отбасылық жағдайға байланысты ғылыми жұмысы аяқталмай қалған. Ғылымнан ала алмаған үлесін қала, институт, факультет шеңберіндегі қоғамдық жұмыстан алуға тырысты. 1959-1963 жылдарда Орал қалалық кеңесіне депутат болып сайланды. 1963-1969 жылдар аралығында Орал қалалық партия комитетінің Пленум мүшесі болды. Қалалық партия жанындағы «Қалалық бақылау комитетінің» Президиум мүшесі болды. 1970-1980 жылдары А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институттың бақылау комитетінің төрайымы болды. 1975-1978 жылдары филология факультетінің партия ұйымының хатшысы қызметін атқарды. 1976-1982 жылдары институттың партия комитетінің бюро мүшесі болды. Өмірде өзінің өнегелі өмірімен, жұртқа жасаған жақсылығымен, адал еңбегімен өзгелерге үлгі, ғибрат боларлық абзал адамдар болады. Олар бірінші кезекке байлық пен мансапты емес, адамгершілікті қояды. Сондықтан да үлкен абырой-беделге ие болады. Осындай абзал адамдардың бірі – ұстаз Меруерт Жолдықайырқызы. «Ұстаздық – ұлы құрмет, себебі ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді» дегеннен-ақ көп нәрсені аңғаруға болады. Білім ордасының басты тұлғасы, жүрегі – ұстаз. Біздің Меруерт апайымыз да осындай жан. Меруерт Жолдықайырқызының оқытушылық қызметі туралы сөз айтпай кету ұлағатты ұстазға жасалған қиянат болар еді. Олай дейтініміз сонау студенттік кезден баста алған ғалым аңсаған мұраттар мен қым-қуат тыныс- тіршілік, ең алдымен, ұстаздықпен біте қайнасып келеді.  Алғашқы рет облыста радионы қазақша сөйлете отырып, ана тіліміздің өрісін тарылтпай, беделін асқақтатқан педагог. Басқа әріптестерімен бірге Меруерт Жолдықайырқызы ана тіліміздің, туған әдебиетіміздің болашағы үшін аянбай күресті, яғни қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің білікті мамандарын даярлауды өмірінің мақсаты етіп қойды. Ол жүздеген жастардың бойына білім нәрін егіп, үлкен өмірге аттандырды. Ұлағатты ұстаз шәкірттерге білім берумен қатар қоғамдық, ғылыми және тәрбие жұмысына саналы ғұмырын арнаған. Алған теориялық білімдерін практикамен ұштастырған сандаған студентке әдістемелік кеңес беріп, мұғалімдік қызметтің қыр-сырын үйреткен ұстаздың «Әкем — университет, шешем — кафедра» деген сөзінің астары да осында болса керек. Меруерт Жолдықайырқызының әдіскер ұстаздығы өз алдына бір бөлек әңгіме. Әдіскер маман өз саласы бойынша ғылыми конференцияларда ғылыми хабарламалар әзірлеп, қалалық, аймақтық семинарларда тілді, әдебиетті оқыту мәселесі төңірегінде ой толғап отырған. Әзиз жанның қаламынан туған «Жамбыл шығармаларындағы патриотизм», «Абай шығармаларындағы реализм», «Абай — сатирик», «Махамбет –реалист ақын», «Методика правописания слов-терминов в 5 классе казахской школы» т.б. мақала-зерттеулерінен ғалымның әдістеме үлгісіндегі биік талғамын, терең білімін танимыз. Сондай-ақ әдіскер-ұстаз 1951- 1952 оқу жылынан бастап 3,4-курс студенттерін облысымыздың аудандары мен еліміздің әр аймағына педагогикалық сараманға апарып, ұстаздықтың қыр- сырын терең тануға көмектесті. Меруерт Жолдықайырқызы Қазақстан, Ресей жоғарғы оқу орындары оқытушыларының арасында өткізілген дойбы, шахмат ойындарының спартакиядасының бірнеше дүркін жеңімпазы. Спортшы апайды Волгоград, Самара, Орынбор қалаларындағы әріптестері әлі де құрмет тұтуда. Меруерт апай — ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ана. Институт бітіргеннен кейін текті жердің ұлы, Отанымызды қорғаушы азамат Ибат Дәулетқалиұлымен отбасын құрып, дүниеге төрт қыз, бір ұл әкелді. Талай қиындықты, өмірдің ащы- тұщысын көп көрген Меруерт Жолдықайырқызы том-том кітап жазып, ғылыми еңбек бере алмаса да, ғылым қууға қолы жетпеген ұстаз-ананың асыл арманын бүгінде қыздары Ботагөз, Светлана, Динасы жалғастыруда. Үлкен қызы – Ботагөз Ибатқызы Сәрсенбаеваның Ресей, Қазақстан ғылымына қосқан үлесі зор. Ол — психология ғылымының докторы дәрежесін Ресейде қорғап, қазіргі таңда университетімізде шәкірт тәрбиелеп, ғылымға баулып жүрген ірі ғалым, профессор, ана жолын қуған ұлағатты ұстаз. Ұлы Сайын педагогикалық институттың физика-математика факультетінің физика бөлімін бітірген. Қыздары Светлана мен Дина — дәрігер. Светлана Ибатқызы Орал қаласындағы танымал емхананың бас дәрігері болса, Дина Сарсенбаева Мәскеудегі беделді емханада бас дәрігер қызметін атқарып жүр. Еңбегін ғылым жолымен байланыстырған Дина Ибатқызы – медицина ғылымдарының кандидаты. Меруерт Жолдықайырқызының сан жылдар бойғы өз уақытын аямай, өзгенің бақтын аялаған үлкен жүректі ағартушылық-ұстаздық еңбегі орынды бағаланып, іскерлігі, білімдарлығы, адами қасиеттері ескерусіз қалған жоқ. 1970 жылы КСРО Жоғары және арнаулы білім беру министрлігінің грамотасымен, 1980 жылы «Қазақ ССР Халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен, 1982 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің «Құрмет» грамотасымен, 1984 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1992 жылы білім және педагогика ғылымы саласындағы ерекше еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Ы.Алтынсарин медалімен марапатталды. 1999, 2000 жылдары Білім және ғылым министрлігінің Ұлы жеңістің 55 жылдығына байланысты және Хабаршы №1- 2015ж. 324 жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеуге қосқан үлкен үлесі үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталды. 1995 жылы «Ұлы Отан соғысының Жеңісіне — 50 жыл» медалімен марапатталды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ұлағатты ұстаз қоғам өмірінен тыс қалған емес. Ол Батыс Қазақстан облыстық Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері кеңесінің Пленум мүшесі, 1996-2003 жылдары Батыс Қазақстан меммлекеттік гуманитарлық университетінің (қазіргі БҚМУ) Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлер кеңесінің төрайымы болды.