Авраам Линкольнның мұғалімге жазған хаты


18.10.2018, 14:13

Авраам Линкольн — АҚШ-ның мемлекет қайраткері, 16-шы Президенті (1861-1865). АҚШ-да құлдарды азат етудің ең басты себепкері, соның арқасында халқының ұлттық қаһарманына айналды. 1865 жылы 14 сәуір айында Линкольн театрда ауыр жараланып, АҚШ-ның өлтірілген бірінші Президенті болды. Президенттік уақытында қатал сынға ұшырағанымен, көпшілік мақұлдаған көзқарастар мен әлеуметтік пікірге сәйкес ол бәз-баяғы қалпында Американың маңдай алды және қалаулы президенттерінің бірі болып қала берді.

Авраам Линкольнның төрт баласы болған, үшеуі ерте жаста қайтыс болып кетеді (4, 11 және 18 жастарында сүзек пен туберкулез ауруларынан). Тек үлкен ұлы Роберт 82 екі жасқа дейін ғұмырлы өмір өткізіп, құқықтану мен саясатта тамаша мансап құрған.

1855 жылы Авраам Линкольн көпшілік жұртқа таныс "ұлының мұғаліміне хатын" жазады. Бұл хат бес жасар сүйікті ұлы Уильямның мұғаліміне жазылған сияқты, өкінішке орай ол 11 жасында қайтыс болып кетеді.

Ұлының мұғаліміне жазған хатынан үзінді:

«...Барлық адамның турашыл және әділ емес екендігіннен хабардар болатынын жақсы түсінемін. Бірақ, әр қара ниетті арамға қарсы бір қаһарман, әр жеке басын ойлаған саясаткерге қарсы өзін құрбан ететін бір көшбасшының табылатынын да оған үйретіңіз.

Әр дұшпанға қарсы бір достың да бар екенін үйретіңіз. Уақыт талап ететінін білемін, бірақ егер мүмкін болса, тауып алған бес доллардан өз еңбегімен тапқан бір доллардың құны жоғары екендігін де үйретіңіз.  Жеңіле білуді де, жеңіске жеткенде қуануды да үйретіңіз.

Қолыңыздан келсе көре алмаушылықтан алыстатып, дауысын қатты шығармай күлуді де үйретіңіз. Сотқар мен мақтаншақтарды жеңу бәрінен оңай іс екенін ерте түсінуіне мүмкіндік беріңіз. Егер мүмкін болса, кітапқа қызығушылығын да артырыңыз.

Көктегі құстар мен ызылдаған араларға, жап-жасыл баурайдағы гүлдерге қарап өмірдің сыры мен мәнін ойлау үшін бос уақытты да беріңіз.

Қулық жасаудан гөрі сәтсіздікке ұшырау абыройлырақ екенін үйретіңіз. Оған өз ойына сене білуді үйретіңіз, өзгелер мұны қате десе де... Жұмсақ адамдармен жұмсақ, қаталдармен қатал болуды үйретіңіз.

Барлығы жеңімпаз жағына бет бұрып жатқанда, көпшіліктің артынан еріп кетпейтіндей қуат беріңіз… Барлық адамды тыңдай білуін, бірақ барлық тыңдағандарын шындықтың сүзбегінен өткізіп, тек дұрыс болғандарын алуын үйретіңіз.

Егер қолыңыздан келсе, мұңлы кезде де күлімдей алуды үйретіңіз. Көзден жас шығарудың айып еместігін де түсіндіріңіз. Шектен шыққан арсыздардың үстінен күле білуді, өлердей сыпайы болудан да сақтануды үйретіңіз.

Өзінің ақылы мен күшін ең қымбат бағаға сата білуін үйретіңіз, бірақ ешбір уақытта жүрегімен, жанымен саудаласпасын.

Ұлыған тобырды тыңдамауды, бірақ өзін шындық тарапында екенін сезінсе, тік тұрып күресуге дайын болуды да үйретіңіз.

Онымен жұмсақ болыңыз, бірақ тым нәзіктіктің қажеті жоқ, өйткені болаттың сапасын от қана көтереді. Барша жамандыққа көнбеу үшін батыл болуды үйретіңіз. Батыл бола алу үшін сабырлы болуды үйретіңіз. Өзіне деген сенімі терең болуын үйретіңіз, соның арқасында адамдарға деген сенімі де терең болады. Бұл айтқандарым үлкен өтініш, егер мүмкін болса, қолыңыздан келгенше орындасаңыз...»