Мұғалім хаты


22.11.2019, 14:03

Қазақ оқушыларына алғаш ұстаздық еткен Ыбырай болса, Абайды қазақ халқының ұстазы десек те болады. Ыбырай әріп танып, сауатты болуға, Абай өмірдің жақсысы мен жаманын танып, салауатты болуға шақырды. Екі ғұламаның ұстаздық еңбектері бүгінге де құндылығын жоғалтпай, олар жазған кітаптар әлі де тәрбиелеумен келеді.  Ұстаздың басты қызметі де осы болмақ емес пе?! 

Ұстаз бен оқытушы бір қайықтың екі басын ұстағанымен де ек түрлі ұғым, екі түрлі қызмет атқарады. Оқытушы баламен өз сабағының айналасында ғана қарым қатынаста болса, ұстаз өмір сабағын да қатар үйретеді. Бүгінгі мектептегі әріптестерім ұстаздықтың осы теоремасын ұмытпауы қажет деп ойлаймын. Иә, бүгінгі мұғалімдерден Ыбырай мен Абайдың бет бейнесін  іздеудің қажеті жоқ. Себебі, біздің алдымыздағы партада отырғандар Ыбырай мен Абай замамындағы қара домалақтар емес. Олар жиырма бірінші ғасырдың жаңа ғасырдың баласы, тиісінше, бізден жаңа Ыбырай болуды талап етеді деп ойлаймын. Бүгінгі балаға қатаң мен ұяңды ажыратуды үйретіп қана қоймай, өмірдегі қаталдық пен ұяңдылықты тани білуге де баулу қажет.

Бала таза парақ. Оған алдымен отбасы осыдан кейін мектебі сурет салып шығарады. Кішкентай адамның қандай тұлғаға айналып шығатынына тікелей жауап берушілердің қатарында болғандықтан, оқушыңыздың сізді сыйламауындағы кінәратты алдымен өзіңізден іздеу қажет шығар. Кей мұғалім бала алдындағы беделін билікпен шатастырып алатын тәрізді. Әлеуметтік желілерді ақтара қалсаңыз, мұғалім мен оқушы арасындағы кикілжіңнің сан түрін көресіз. Сыныпта бала емін еркін дөрекілік көрсетіп, мұғаліміне дөкір сөзбен жауап қатып отырса, ол барша мұғалімге сын. Бүгінгі балалар билікке көнбейді, олардың тілін тең дәрежеде сөйлесіп қана табасыз. Қарым қатынастың қалыңдығы қылдай ғана, бір ғана әрекетіңізбен оп оңай үзе салуға болады. Нағыз мұғалім ол қылды әрдайым берік қылмақ. Тең дәрежеде сөйлесу, дөкір сөзге дойыр жауап қайтару емес, кішкентай адамның пікірімен санасу, сыйлау. Оқушы мұғалім алдында өзінің де беделі бар екендігін, өзінің пікірін ден қойып тыңдайтындығын сезінсе ғана  тәрбиесін түзулей алады.

Бірақ бедел мен биіктік мәселенің бір ұшығы ғана. Оқушыны жаңашылдыққа үйрете білу қажет. Әрине, білім ордасының табалдырығын аттамай жатып, «Әліппеден» бұрын Апплдің смартфонымен дос болатын оқушыны жаңа технологиямен қызықтыра алмайсыз. Бұл салада олар сізге мұғалім болады. Жаңашылдыққа қызықтыру білім нәрімен таныстыру деп білемін.\r\n\r\nМен сабақ беретін ағылшын тілі қазіргі кездегі ең қажетті мамандықтардың бірі. Сенің сауатың мен көкжиегіңнің кеңдігі тіл білуіңнің ерекшелегімен де өлшенеді. Қазіргі біздің мамандық үшін жаңа әдістер қажет-ақ. Үш тілді курстар оқыту, ең қажет дүние. Ауылды жерде де, қалалық жерде де сабақ бердім. Гуманитарлық сабақтар әрине, қазіргі заман талабына сай жаратылыстану пәндерімен таласқа түсе алмайды, бірақ тіл оқыту үшін де жаңа әдіс тәсілдер керек. Тіл үнемі дамып отыратын құбылыс, тілмен бірге өзіңнің де алға жылжып, жаңашылдықпен дос болып отыруың қажет.

Ағылшын – бүгінгі өркениет тілі. Біз алға мақсат етіп қойған дамыған мемлекеттер қатарына ену үшін өркениет тілін меңгеруіміз қажет. Оқушылар үшін тек пән ғана емес, пайдалы білім беруге ұмтыламын. Жоғарыда айтқан ұстаз бен оқушы қарым-қатынасы осы жерде қажет. Өз пәніңе баланы қызықтыра білу үшін мұғалімнің де берері мол болу керек. Қазір мектеп мұғалімдері үшін жаңа әдіс-тәсілдерді үйренудің маңызы зор. Жақында ғана білім алып келген «Өрлеу» білім курсы бізді осы бағыттағы шеберлік шыңына шығуға үйретті. Енді ол білімді тиімді түрде пайдалану қажет.

Үш деңгейлік оқыту курстары, жаңа әдістемелер – баланы өз пәніңе қызықтыра білуге мүмкіндік беретін құралдар. Әрбір сабақ сайын жаңа тәсілдер арқылы оқушының пәнге деген сүйіспеншілігін арттыруға тырысамын. Дегенмен бір ғана ниет жеткіліксіз.

Қазір шет тілін оқыту әдістемесінің деңгейі жоғары. Шет тілін оқытуда интерактивтік тәсілдерді, ойындар, оқушылар арасында пікірталастар әдістері қолданылады. Ақпараттық технология, интернет және компьютер – ең басты көмекші құралдар. Яғни кино, аудио және видеоөнімдер, телекоммуникациялық желілер оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттыру үшін пайдалана білуіміз керек.

Мұндағы бір ғана проблема – біздің осы құралдарды игере білу деңгейіміз. Сондықтан барша әріптестерімізді осы жаңа бағыттың соңына түсуге шақырамын. Барлығы тек оқушының қабылдау қабілетіне ғана емес, оқыту процесінің әдістемелік тәсіліне және психологиялық тұрғыдан жеткізуге байланысты.

 

Гүлназ РАЕВА