ҚАСИЕТ ҚОНҒАН ҚЫЗЫЛҚОҒА


25.02.2024, 17:28

ҚАСИЕТ ҚОНҒАН ҚЫЗЫЛҚОҒА

Атырау қаласы, №5 Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектеп
5А сынып оқушысы Төлеміс Әдемі

Жетекшісі, тарих пәні мұғалімі Ерлан Русланұлы

Қызылқоға ауданы — Қазақстан Республикасына қарасты Атырау облысының ауданы. Әкімшілік орталығы — Миялы ауылы.  Қызылқоға жерін Ойыл және Сағыз өзендері қиып өтеді.Ауданның территориясы 24,9 мың шаршы км. Жер рельефі — тегіс. Қызылқоға ауданы батысында Атырау облысының Индер ауданымен, солтүстігінде Батыс Қазақстан облысының Ақжайық және Қаратөбе аудандарымен, шығысында Ақтөбе облысының Ойыл және Байғанин аудандарымен, оңтүстігінде Атырау облысының Мақат және Жылыой аудандарымен шектеседі.[5]

Қызылқоға ауданының территориясы Шығыс Еуропа жазығының жалғасы, сондықтан да жер бедері негізінен жазық болып келеді. (Аудан территориясы оңтүстікке қарай теңіз деңгейінен төмендей береді). Еуразия материгінің ішкері аймағында орналасқан, яғни Атлант мұхитынан 2500 км қашықтықта жатыр. Сондықтан да аудан табиғаты қатаң континентті. Солтүстік Батысын Орал маңы үстіртінің оңтүстік беткейлері қамтыған. Аудан территориясында Каспий маңы ойпатының солтүстік бөлігі жатыр. Көктем кезінде еріген қар суын жинайтын ойпаңдар, көлшіктер көп, онда әртүрлі өсімдіктер өседі. Каспий маңы ойпатында кең тараған жер бедерінің бір түрі - сорлар. Олардың тереңдігі -10-20 м. Сорлар қар еріген кезде сай-саладан су құйылып, бетіне шығып жатқан тұзды ерітеді. Жаз айларында (маусымшілде) құрғап, бетінде тұздың жұқа қабыршақтары қалыптасады (Қазанғап, Құлпейіс, Шажабай сорлары). Аудан территориясында құмды шағылдар көп. ТайсойғанБүйрек құмдары үлкен территорияны алып жатыр. Мұндағы құм теңіздің тартылған орнында пайда болған. Қызылқоға ауданының территориясы - кембрийге дейінгі кезеңнің қатты кристалды жыныстарынан құрылған Шығыс Европа платформасында жатыр. Кристалды жыныстар 7000-8000 м тереңде, палеозой, мезо-кайнозой шөгінділерінің астында қалған. Орогендік қозғалыстардан пайда болған тұз күмбездерінен пермь, юра, бор дәуірінің жыныстары түзілген. Бор дәуірінің жыныстары аудан территориясында біркелкі таралған. Бұлар тұз күмбезі көтерілген аудандарда жер бетіне жақын, кейде шығып жатады. Олар құм, ақтас, мергелден тұрады, кейде қалыңдығы 100 м-ден асады. Аудан территориясы мыңдаған жылдар бойы теңіз түбі болып келген, кейбір жыныстардан теңіз фаунасының қалдығын көруге болады.

Халқымыздың  даму  тарихындағы  елеулі  белес  болған кешегі  кеңес  заманына  дейін  жазылғандай  деңгейді  місе  тұтқан  Қызылқоға  өңірі  бүкіл  Қазақстан  сияқты  1917-1991 жылдары  жаңаша  келбетке  ие  болды: ел  шаруашылығы, мәдениеті  мен  әдебиеті,  денсаулық  сақтау  және  ағарту  істері  сыпатталғаннан  әлдеқайда  жоғары  дамыды, жұртшылық  жаппай  сауаттылыққа  жетті, адамдардың  білімі  мен  ой-өрісі    әлемдік  үдеріске  кеңінен  бағыт  алды, мәдени  және  ағарту  мекемелері  көптеп  тұрғызылып,  ел  мүддесіне  қызмет  етті.

         Алайда, «дөрекі»  және «сыпайы  отаршылдықтардан» құтылған, 1991  жылдан  бері  өз  алдына  дербес  дамыған   бүкіл  елімізбен  бірге  Қызылқоға  өңірі  де  шынайы  өркениеттік  даму  белесіне  қол  жеткізіп  отыр  бүгінде.   Қазақстан  Республикасының  Президенті Н.Ә. Назарбаев жақында  еліміздің  ширекғасырлық  тойында  жасаған  баяндамасында  мұны  былайша  тұжырымдап  көрсетті: «25 жылда жүріп өткен ауыр да абыройлы жолымыздың мәні тұтас ғасырлармен тең. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің ширек ғасыры – Еуразия жүрегіндегі Ұлы Далада жазылған мыңжылдық тарихтың ЖАҢА ДӘУІРІ».