Ескендір Асқарұлы: «Үздік жас маман» атануым оқушылар мен ұжым алдындағы абыройымды асырды»


17.04.2019, 18:06

Ол — ешқашан ұстаз боламын деп ойламаған, бірақ ол қазір «ЖАС МАМАН» ІII республикалық байқауының Бас жүлде иегері. Ол педагогтың айлығын санағаннан, қиын есептерді шешкенді дұрыс көреді. Оның ойынша, мұғалімдік ақшамен өлшенбеуі тиіс. Менің бүгінгі кейіпкерім — математика пәнінің мұғалімі,  Ескендір Асқарұлы.

Қарашаш Есенбай: Ескендір, «SKILLS ACADEMY» мекемесі мен біздің ақпараттық білім порталы өткізген «ЖАС МАМАН» ІII республикалық байқауының Бас жүлдегері болуыңызбен құттықтаймын! Бұл атақты алу сізге қандай жауапкершілік артады?

Ескендір Асқарұлы: Бұл атақты алу әрине, керемет сезім сыйлайды. Алғаш естіген кездегі сезімді жеткізе алмаймын! Ол менің оқушылар арасындағы, ұжым алдындағы абыройымды көтерді. Бірақ осы атаққа іші күйген біраз адам болды. Өйткені, біздің «Білім-инновациялық» мектеп-лицейімізде менен де өзге білімді, білікті мамандар өте көп. Олардың көбі бұл жобаға салғырт қарады десем болады, келесі жылы қатысатындар дегендер көп болатын сияқты.

Қарашаш Есенбай: Мұндай жобалардың болуы педагогқа қандай мүмкіндіктер сыйлайды деп ойлайсыз?

Ескендір Асқарұлы: Бұл жобаға, өткізілу шарттарына өзімнің көңілім толды. Әділ және қиындықсыз өтті. Осы Тараз қаласындағы жүлдегерлермен де сөйлескенмін, барлығы қуанышты. Осындай жобалардың көбейгенін қалаймын. Негізі «martebe.kz» сайтынан көбі хабарсыз болып жатады, осының жарнамасын кеңейтіп, ізгі жұмыстарыңызды жиі жарияласаңыздар дейміз. Бұл жас мұғалім үшін үлкен мотивация болар еді. Адамға жақсы сөз, мақтау жағады ғой, әрі ол шабыттандырады. Меніңше, қазіргі таңда ұстаздарды барынша қолдап, кәсібіне көмек беруі керек.

Қарашаш Есенбай: Ескендірсізден мынаны сұрайыншы, бізде жігіттер мұғалімдікке аса құмар емес. Тіпті мұғалімдіктен «қашатын» жігіттер көп десек болады, ал  сіздің таңдауыңызға не түрткі болды?

Ескендір Асқарұлы: Шынында, ұстаз боламын деген менің үш ұйықтасам, түсіме кірген емес. Бірақ бала кезімнен математика сабағын қатты қатты жақсы көремін.

Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебін бітіргеннен кейін, Тараз қаласындағы университетке оқуға түстім. Университеттің төртінші курсында оқып аталмыш қаладағы «Тараз білім-инновациялық» мектебіне тәжірибеден өтуге бардым. Сонда осы жердегі мұғалімдердің, әсіресе ер мұғалімдердің дәрежесін көріп мұғалімдікке қызығушылығым екі есе артты десем болады. Сол жерде көп нәрсені үйреніп мұғалімдікке бет бұра бастадым.

Қарашаш Есенбай: Дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» мектеп-интернатында жұмысқа орналысу үшін арнайы конкурстар болады екен. Осы конкурстардан қалай өттіңіз? Сол туралы толығарақ айтып берсеңіз.

Ескендір Асқарұлы: Иә, ол рас. Бұл жақта конкурс арқылы жұмысқа қабылданады. Ол конкурстарда өте ауыр сұрақтар болатыны да рас. Мен төртінші курстың практикасында осы жерде тәжірибеден өтіп, оқушыларға сабақ бердім. Оны директор көріп, бақылап жүрді. Сосын бізде математикадан ТАТ деген емтихан болады, соны жақсы тапсырғаннан кейін жұмысқа қабылдады.

Қарашаш Есенбай: Мектеп-интернат пен жалпы мектептің қандай айырмашылығы бар? Қай жерде оқу балалардың интеллектуалы үшін пайдалы?

Ескендір Асқарұлы: Мен бастапқыда ауылдық жердегі жалпы мектепте оқыдым, кейін Алматыдағы физика-математика мектебіне оқуға бардым. Ол жерде әрине интернатта жатып оқисың. Екі мектепте де оқыған адам ретінде, жай мектеп пен интернаттың айырмашылығы жер мен көктей десем артық емес. Мен еліміздегі көптеген мектептерді интернатқа айналдыру керек деп ойлаймын. Өйткені интернатта бала мұғалімнің көз алдында жүреді. Интернаттарда оқушыларға телефон ұстауға тыйым салынса, тіпті керемет! Яғни баланың ойы өзге жаққа аумайды.

Қарашаш Есенбай: Бізде «Интернатта балаларға қиын болады», «Үлкендер оларды басынады» деген сияқты түсінік қалыптасқан. Бұл қаншалықты рас?

Ескендір Асқарұлы: Иә, интернатта оқу балаларға қиын болады, әсіресе жетінші сыныпта келген балалар өз үйлерін сағынады, басқа себептері де болуы мүмкін. Менің бұрын өзім оқыған мектеп-интернатта ондай жағдайлар жиі болатын. Ал қазір білім-инновациялық лицейінде оқитын балалардың жылағанын, қиналғанын көрген емеспін. Өйткені бұл жердегі талап, білімге деген талпыныс пен қызығушылық жоғары. Сондықтан «үлкенмін» деген басыну болуы да мүмкін емес, өйткені балалар бірін-бірімен ағалы-інілі сияқты қатынаста.

Қарашаш Есенбай: Соңғы кездері мұғалімдердің, әсіресе ер мұғалімдердің оқушыларды ұрып-соғатыны туралы видеолар елге тарап жүр. Осы жағдай біздегі білім саласының ақсауы ма, әлде  мұғалім мәртебесінің түскенінің көрінісі ме?

Ескендір Асқарұлы: Әрине, ондай жаңалықтарды біз де жиі естиміз. Мұндай жайттар бұрын да болған, бұдан кейін де болуы мүмкін. Бұрынғы замандарда мұғалім ұрса оны жариялайтын әлеуметтік желілер болмаған, сондықтан аса біліне қоймаған сияқты. Ал қазір сәл «қит» еткен тұсыңызды желіге салса, бүкіл елге таралады. Бірақ бұл мұғалім мәртебесінің түскенін білдірмейді!

Бұйыртса, алдағы жылдары мұндай жағдайлар жойылады деп сенемін. Өйткені оқушылар өздері үшін оқиды және мұғалімді керек етеді. Осы себептен де алдағы жылдары мұғалім мәртебесі көтеріледі деп сенемін.

Қарашаш Есенбай: Ол видеоларды жариялайтын оқушылардыкі дұрыс па, әлде педагогтың күш қолдануы дұрыс па?

Ескендір Асқарұлы: Меніңше, екеуі де дұрыс емес! Педагог күш қолданбауы керек, ал оқушы оны видеоға түсірмесе игі. Қазақта «Жылы, жылы сөйлесең жылан інінен шығады» деген жақсы сөз бар.  Негізі адамдардың жүрегі нәзік болады, оның жүрегіне жол таба білсеңіз кез келген нәрсеге көндіруге болады. Оны жақсылыққа шақырып, шабытын оятуға да болады.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз оқушылармен қандай қарым-қатынастасыз? Қанша дегенмен мінезі қиын оқушылар болатыны рас қой.

Ескендір Асқарұлы: Мен оқушыларыммен көп сырласамын. Оларға мектепті жақсы бітірсе, жұртқа да мақтанышпен айта алатындарын, жоғары жетістікке жетудің баспалдақтары да жақын болатынын еске салып отырамын. Ал «Мектепті жаман оқып, сыртқа да жаман қасиеттеріңмен танылсаңдар, қай жерді бітіргендеріңді айтпаңдар!» деп қалжыңдаймын. Өйткені, олардың кесірен ата-аналар балаларын мектепке беруге қорқып қалмауы керек. Осындай жеке пікірімді айтып, олардың да көзқарастарымен санасамын. Оқушылар мені «Ескендір аға» деп атайды.

Қарашаш Есенбай: Бүгінгі балалар үшін кім идеал болу керек?

Ескендір Асқарұлы: Балалар үшін алдымен ұстаз идеал болуы керек! 

Қарашаш Есенбай: Біз идеал ұстаздың сипаттамасын айтып көрейікші…

Ескендір Асқарұлы: Оны сөзге шорқақ болсам да, өлеңмен жеткізіп көрейін. Негізі маған сіздің сұрақтарыңызға жауап бергеннен, есеп шығарған оңай болып отыр (күліп)

Қарашаш Есенбай: Сізге қойылған сұрақтар ең қарапайым теңдеулер сияқты ғой… (күліп) Өлеңіңізді тыңдап көрейік. 

Ескендір Асқарұлы: «Ұстаз болу – жүректің батырлығы, 
Ұстаз болу – сезімнің ақылдығы. 
Ұстаз болу – мінездің күн шуағы, 
Ұстаз болу – адамның асылдығы».  Осы төрт қасиетті идеал ұстаздың бойынан көргім келеді. 

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз болашақта білім саласына қандай өзгерістер, жаңалықтар алып келгіңіз келеді?

Ескендір Асқарұлы: Мен болашақта бір мектептен математикадан бірнеше дүркін олимпиада жеңімпаздарын шығарғым келеді. Ал сол жеңімпаздардың, оқушыларымның әлемдегі аты танымал, беделді кәсіп орындарда жұмыс істегенін қалаймын. Бұрын ұстаз болсам, айлығы аз болады деп ойлайтынмын. Қазір ұстаздық ақшаға тәуелді емес, рухани жұмыс екеніне көзім жетті.

Қарашаш Есенбай: Сіздер тек ер балаларды оқытатын мектеп-интернатсыздар, ал бізде жалпыға бірдей білім беретін мектептер көп екенін білесіз. Педагог ретінде қайсысы дұрыс деп ойлайсыз және неліктен?

Ескендір Асқарұлы: Иә, бізде қыздар мен ұл балалар бөлек оқиды. Мұндай жүйе сонау Ыбырай Алтынсариннің заманында ұсынылған. Неге десеңіз, олар бөлек оқыса бір-бірінің қадірін жақсы түсінеді деп айтады. Ал екеуі бір партада отырса, олар сөзге келуі, басқа да ойға келмейтін әрекеттер жасап қадірлерін кетіріп алуы мүмкін. Мысалы бізде ер балаларға арналған лицей болғандықтан, ер мұғалімдер өте көп. Ал ерлерді ер мұғалімдер тәрбиелесе болашақта өте мықты азамат әрі маман болады деп сенемін.

Қарашаш Есенбай: Жаңа мұғалім мәртебесі деп қалдық қой. Біздің қоғамдағы мұғалім мәртебесінің деңгейін қалай бағалайсыз? Оны жоғарылату үшін қандай ой айтасыз?

Ескендір Асқарұлы: Негізі білім-инновациялық лицейлерде мұғалім мәртебесі өте жоғары деп сеніммен айта аламын. Бірақ өзім өзге де мектептердің жағдайынан хабардармын. Олардың оқушыларынан мұғалімді сыйламайтынын, сөз қайтаратынын жиі байқаймын. Бірақ біз соның дұрыс емес екенін түсіндіріп, педагогтарды құрметтеуді қалыптастыруымыз керек. «Көш жүре түсзеледі» дейді, мүмкін бес-он жылда мұғалімдердің мәрбебесі өсер. Өзім соған сенемін.

Қарашаш Есенбай: «Ұстаз-баланың болашағын қалыптастырушы тұлға» дейміз, қазіргі ұстаздар осы жауапкершілікті қаншалықты түсініп жүр?

Ескендір Асқарұлы: Біз ұстаз тек бағыт беруші екендігін ескеруіміз керек. Егер бала ұстазының айтқандарын ескерсе, болашақта да жоғары жетістікке жетеді деген сенімдемін.

Қарашаш Есенбай. Ұстаздар бос уақыт нені жұмсайтынын білгіміз келеді. Сіз бос уақытыңызда немен айналысқанды ұнатасыз?

Ескендір Асқарұлы: Мен волейбол десе, ішкен асымды жерге қоямын. Бос уақытымда волейбол ойнап, спорттың басқа түрлерімен айналысқанды дұрыс көрем. Одан кейін әрине, білімімді жетілдіру, өзімді дамытуға тырысамын. Өйткені болашақта оқушыларымның арасынан математикадан олимпиада чемпиондарының шыққанын қалаймын.