Ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтаймыз


05.10.2018, 16:45

Ұстаз болу – жүректің батырлығы,

Ұстаз болу – сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу – мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның алтындығы – деп ақын Ғ.Қайырбеков жырлағандай, сөзі маржан, үні ән ұстаздардың бар болғанын мақтаныш етеміз.

Осы ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы «Ұстаздық — ұлық емес, ұлы қызмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген.

Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де,  жолы да бөлек.

Осындай жолы мен жөні бөлек аяулы ұстаздарымыз – шәкірттерінің мақтанышы ғана емес, бүкіл ел мақтанышы!

"SKILLS ACADEMY" мекемесі білім саласында қызмет атқарып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Осы уақыт аралығында республикамыздың түкпір-түкпіріндегі педагог мамандармен істес болып келеміз. Бізді кәсіби білікті, өз ісінің шебері бола білген ұстаздар қауымы үнемі таң қалдырумен келеді. Мемлекет басшысы өзінің биылғы жолдауында "Мұғалім мәртебесіне" айрықша тоқталып, мәртебелі мамандық иелерінің дәрежесін айқындайтын заң шығаруды тапсырды. Соңғы уақыттары қалыптасқан "Ұлт боламын десең, ұстазыңның халін түзе" деген сөз бар. Рас! Ұстаздар ұлтты тәрбиелейді. Елдің болашағы сіздердің қолыңызда. Өмірлік миссияларыңызды абыроймен атқаруларыңызға тілектеспіз.

Сіздерді бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен сайт редакциясы атынан шын жүректен құттықтаймыз! 

Құрметпен, "SKILLS ACADEMY" мекемесі