Әйгілі Бауыржан Момышұлының келер ұрпаққа айтқан өсиеті


14.04.2020, 14:15

-Ей, бүгінгі жас қауым, бейтаныс арғы ұрпақ!

Әр әке балам бақытты болса екен, үрім-бұтағым үзілмесе екен, өшпесе екен деп тілейді.Осы мақсатпен жиырмасыншы ғасырдың басында әкелеріміз бізге қаралы жексенбілерде қан кешіп жүріп, кең-байтақ социалистік Отан жасап берді.Олар бізге:құрылыс жақсы болса-тұрмыс жақсы, бірлік мықты болса-тірлік күшті.Осы құрылыс пен бірлікті көздің қарашығындай сақтаңдар деп өсиет етті.

Сөйтіп, Ұлы Отан соғысында қабырғадан қан кешіп жүріп, біз де сендерге бақыт әпердік, жас ұрпақ.Ол-қазіргі кең -жазира Отаның сенің.Өйткені-Отансыз өмір, онсыз қуаныш жоқ.Соны көздің қарашығындай сақтаңдар.

Ұзын бой қысқарады, үлкен дене кішірейеді, адам ақыры өледі.Ол-табиғат заңы.Адам өлгенімен, оның еңбегі өлмейді, ерлігі өлмейді, ол атқарған ұлы іс өлмейді.Ұлы іс Отанға деген сүйіспеншіліктен, халыққа деген құрметтен, осы екеуі үшін ғана аяусыз еткен еңбек пен ерліктен туады.Осыған әрқашан да әзір болу қажет.

Жастарымыз отаншыл болсын.Отаншылдық-әр адамға керекті ең ұлы қасиет.Ал отаншылдық өз үйіңнен басталады.Кімде-кім ата-анасын ардақтаса, сол ата-анадан бірге туған бауырларымен тату болса, өзінің өскен ауыл, қаласын, ұлтын сыйлап, қадірлесе сол адам отаншыл болады.Өйткені өз әке-шешесін сыйламаған, өзгенің ата-анасын құрметтей қоймас.Үйде бауырмал болмаған, түзде интернационалист болмайды.Өз ауылының тасын сыйламаған, өзге ауылдың тауын қадірлемейді.Өз ұлтын жақсы көрмеген, өзге ұлтты ұнатпайды.Мұны ұлтшылдықпен шатастырмау керек.

Намыс-азаматтың алтын туы.Әке-шешесін сыйлаған балада ғана намыс болады.Оларды ұялтпайын, сүйегіне таңба түсірмейін, өлсем өлейін, бірақ ата-анамды, ағайын -жұртымды жерге қаратпайын дейді.Ер жігіттің елі-ата-анасы, Отаны-өз үйі.

Ей, жүз жылдан кейінгі, мың жылдың ар жағындағы үрім-бұтақ, жұрағат, жас ұрпақ! Естисің бе менің үнімді, жете ме саған менің дауысым.Жетсе, бүгінгі баламыздан бастап, көп ұлтты социалистік Отанымыздың барлық болашақ ұрпақтарына айтар екі ауыз сөзім бар.Ол-Отанды сүйіңдер, оны қорғаңдар, оған қызмет етіңдер!-деген сөз.Ол-халықтар достығын қадірлеп, қасиетті ұстаңдар!-деген сөз.