Азаматтық қоғам және құқықтық мәдениет


10.06.2020, 23:26

Қазақстанның алдында заңдарды құрметтейтін,  гуманистік және әділеттілік ұстанымдарын басшылыққа алатын   құқықтық, азаматтық қоғам құру  мәселесі тұр. Көптеген мемлекеттердің эволюциялық дамуы адам еркіндігі мен құқығы туралы нақты кепілділіктер құқықтық, азаматтық қоғам институттарының дамығандығы негізінде қалыптасатынын көрсетеді.

Қазіргі кезде, Қазақстанда құқықтық, азаматтық қоғамды қалыптастыру  елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың ресми  мақсаты болып есептелінеді. Құқықтық, азаматтық қоғамды құрудың  қажетті шарты ретінде отандық құқықты батыстандыруға байланысты реформалардың алғашқы жылдарындағы иллюзия заңның  әлеуметтік-трансформациялық рөлі туралы прагматикалық көзқарастарға жол берді. Құқық жүйесінің батыстық үлгілерін тікелей көшіріп алу және пайдаланудың тиімділігінің шектеулі екені айқындалды.  Бұл қазақстандық  әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-мәдени кеңістіктің өзіндік ерекшелігімен байланысты.

Қазақстан қоғамында жаңа мемлекеттіктің қалыптасуы, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамды құру үрдісі әлі де жүзеге асуда. Осыған орай, құқықтық және азаматтық қоғам құру барысында құқықтық мәдениетті қалыптастыру  мәселелерін  ғылыми тұрғыда  саралау қажеттілігі туындайды.

Құқықтық және азаматтық қоғамның басты белгісі адамның, азаматтың мүдделерінің мемлекет мүддесінен басым болуы екені жалпыға белгілі.  Бұндай қоғам өз іс-әрекетінде адам мен азаматтың құқығы, еркіндігі мен мүдделерін бағдарға алады, басқа құндылықтарға қарағанда  олардың басымдылығын  жариялайды.

Қазақстанның құқықтық, азаматтық қоғамында, бір жағынан, өзара тығыз байланысты, екінші жағынан, биліктің беделі – қазақстандық тұлғаның  тәуелсіздігі формуласы арқылы берілген іс-әрекет салаларының бөлінуін ұйғаратын индивид пен мемлекеттің қарым-қатынасының жаңа формаларының негізі қаланған.

Құқықтық, азаматтық қоғам мүшелерінің әлеуметтік және интеллектуалды даму деңгейі жоғары және олар өз таңдауын еркін жасайтын,  өз іс-әрекетіне өзі жауап беруге қабілетті жағдайда ғана құқықтық, азаматтық қоғам өміршең болады.

Егер радикалды өзгерістердің жүзеге асуы барысын, жағдайын және бағалануын ескерсек, біз Қазақстанда құқықтық және азаматтық қоғамды қалыптастыру  мәселесінің өте өзектілі екенін  көреміз. Ғылыми әдебиеттерді талдай отырып, Қазақстандағы құқықтық және азаматтық қоғамының қалыптасуы және дамуы туралы  әртүрлі көзқарастардың кездесетінін аңғаруға болады.