Палеогеография және оның зерттеу нысаны, басқа ғылым салаларымен байланысы


12.08.2020, 13:00

Мақалада жер ғаламшары табиғатының қалыптасуына қатысы бар геологиялық, геофизикалық, географиялық, ғарыштық және палеонтологиялық бағыттағы процестер мен әрекеттердің   зерттіттелуі қарастырылған.

 

Палеогеография жаңа қалыптасып жатқан, жас ғылым саласы. Алайда бұл ғылым саласына қатысты ұғымдар ежелгі ғалымдар еңбектерінде көптеп келтірілген. Ежелгі озық ойшылдар жер бедері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, яғни қазіргі ландшафтты құрайтын компоненттердің белгілі бір уақыт аралығында өзгеріске ұшырап отыратындығына нақты мысалдар арқылы көздерін жеткізіп отырғанын деректер арқылы негіздеген. Палеогеография бағытында  тарихи оқиғалар жайлы деректер, экспонаттар жинау, өлке территориясындағы археологиялық орындарды (көне қалалар қалдықтарын), тарихи ескерткіштерді, олардың ерекшеліктерін оқып  тану және оларды халық тарихымен тарихи кезеңдерімен байланыстырудың маңыздылығы  ерекше.  

 Ал, Палеогеография және оның зерттеу нысанына келетін болсақ ғалымдардың зеріттеп жазған деректеріне сүйенеміз.Себебі,олар түрлі мәліметтерді ғасырлар бойы зеріттеп,талдап,оқулықтар жазып келген.Сондықтан сол оқулықтарды пайдалану ғылыми мақалаға дәйек болады.

Енді, физикалық география, тарихи геология, геотектоника, палеонтология ғылымдарымен тығыз байланысына келетін болсақ түрлі тәжірибелік зеріттеулер мысал болады. Жер ғаламшары табиғатының қалыптасуына қатысы бар геологиялық, геофизикалық, географиялық, ғарыштық және палеонтологиялық бағыттағы процестер мен әрекеттерді  зерттейді [1]. 

Палеогеографияның  мазмұны мен жекелеген зерттеу әдістері бойынша бір-бірінен ерекшеленетін, бірақ, бір тақырыптық жиынтықты құрай отырып, палеогеографияны ғылыми тұрғыдан жан-жақты тануға мүмкіндік беретін,сондай-ақ қажетті анықтамалық әдебиеттерді пайдалана отырып, қажетті ғылыми дерек мағлұматтарды пайдалана білуі тиіс. 

Палеогеография ғылымының өзі  геологияның дамуымен тығыз байланысты. Палеогеография туралы алғашқы ұғымды, яғни «ежелгі география» терминін ең алғаш орыстың жаратылыстанушы ғалымы М. В. Ломоносов өзінің «Жер қабаттары туралы» деген еңбегінде қолданысқа енгізгені мәлім  болатын. Әсіресе палеогеографиялық байқауларды қолданудың қажеттілігі геологиялық зерттеулер мен пайдалы қазбаларды іздестіру шараларын жүргізу барысында арта түседі. Ежелгі ландшафттың негізгі құрамдас бөлігі – жер бедері құрылымдары болса,  олардың өзі белгілі бір уақыт аралығында өзгеріске ұшырап отырады [2].

Алайда олардың неғұрлым ірі пішіндері өте ұзақ геологиялық уақыт аралығында тектоникалық қозғалыстар әсерінен қайта жаңғыра отырып, өзінің тұтастығын сақтап қалады. Сондықтан да кез-келген палеогеографиялық талдау тектоникалық процестердің заңдылықтарын терең де тиянақты зерттеу негізінде жүзеге асырылады. Әсіресе тау жүйелерінің доға тәрізді болып көтерілуі жердің өз білігіндегі орны мен оның қозғалыс жылдамдығына әсер ететіндігі, ол өз тарапынан климаттық белдеулер орнының ығысуына да ықпал ететіндігі бүгінгі күнде дәлелденген ақиқат екендігі баршамызға аян.

Палеогеография жаңа қалыптасып жатқан, жас ғылым саласы. Алайда бұл ғылым саласына қатысты ұғымдар ежелгі ғалымдар еңбектерінде көптеп келтірілген. Ежелгі озық ойшылдар жер бедері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, яғни қазіргі ландшафтты құрайтын компоненттердің белгілі бір уақыт аралығында өзгеріске ұшырап отыратындығына нақты мысалдар арқылы көздерін жеткізіп отырған.

Аристотельдің (б.ж.д. 384-322 ж.) пікірінше жердің беткі бөлігі баяу төмен түсіп, майысу және баяу көтеріліп, биіктеудің нәтижесінде өзгеріп отырған. Ежелгі физикалық-геологиялық жағдайдың өзгерістерінің Жердің бейнесіне тигізетін әсері туралы дәлелденген нақты дәйектер орта ғасырда өмір сүрген ұлы ойшыл әл-Бируни (972-1048 жж.), әбу-әли-ибн-Сина (Авиценна, 980-1037 ж.), одан кейінірек қайта өрлеу дәуірінің Батыс Еуропалық ғалымдары еңбектерінде көптеп келтірілген. Леонардо да Винчи (1452-1519 ж.) Италияның биік таулары басынан табылған ежелгі теңіз жануарларының қалдықтарын талдау негізінде бұл аудандардың ежелгі уақыттарда теңіз табаны болғандығы туралы жорамалдар жасаған[3].

Ресейдің геологиялық өткені туралы түсінікті орыстың жаратылыстанушы ғалымы М. В. Ломоносов өзінің «Жер қабаттары туралы» деген еңбегінде 1763 жылы былайша сипаттайды: «...Бүгінде біздер басып жүрген, ауыл мен қала тұрғызған Орыс жазығы  ежелгі уақытта теңіз табаны болған...». Сондай ақ ол Сібірдің климаты қазіргіге қарағанда біршама жұмсақ болған деп есептеген, «...Солтүстік өлкелерде ежелгі ғасырларда аптап ыстықтар болған, оған қазіргі ыстық белдеулердегі теңіздерде кездесетін былқылдақ денелілерінің бақалшақтары дәлел болады...».

Жер ғаламшарындағы өзгерістерді түсіндіретін осындай қарапайым ұғымдар ХІХ ғасырда жаратылыстанушы ғалымдардың Жердің қалыптасуы мен дамуы туралы пікірлерін түбегейлі өзгертті. Жер қыртысының кітапқа ұқсайтындығы, оны құрайтын тау жыныстарының қабаттары Жер тарихы жазылған парақтар екендігі түсінікті болды [4,5].

 Оның қойнауындағы қызғылықты тарихпен мұқият танысу үшін ондағы шартты белгілерді түсіндіретін «кілтті» ғана таңдай білу қажет. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында М. Неймар, А. П. Карпинский, И. Вальтер, А. Вегенер сияқты ғалымдардың еңбектері негізінде палеогеографияның жеке ғылым ретіндегі орны айқындалды. ХХ ғасырдың орта шенінде И. П. Герасимов, К. К. Марков, Р. Флинт, В. М. Синицин, А. А. Величко, А. А. Свиточ, С. А. Ушаков, Н. А. Ясаманов сияқты зерттеуші-ғалымдардың арнаулы палеогеографиялық еңбектерімен толығып, ғылыми негізделген ілім болып қалыптасты [6].

Палеогеографияның ғылыми негізде қалыптасуы геология, геофизика, биология мен география ғылымдарының ұлы жаңалықтарымен және бұл ілімнің алдына қойған ғылыми-танымдық мақсаттарымен, қолданбалы сұраныстарымен тығыз байланысты. Палеогеографияның ғылым ретінде дамуына Ч. Лайельдің актуализм және Греслидің фациялық сұрыптау әдісінің; Ж. Батист Ламарк пен Ч. Дарвиннің эволюциялық ілімінің; В. В. Докучаевтің топырақтың географиялық зона бойынша таралу заңдылығының; А. Вегенердің материктер дрейфі (жылжуы) туралы түсініктерінің, кейіннен көптеген ғалымдар еңбектері негізінде литосфералық тақталар қозғалысы тұжырымдамасына айналған ғылыми жаңалықтардың ашылуы үлкен қозғаушы күш болды.

«Палеогеография» түсінігі Ресейде ең алғаш Н. А. Головкинский (1870 ж.) еңбектерінде «геологиялық география» ұғымын алмастырушы ретінде, ал шетелде Т. Хант (1872 ж.) еңбектерінде ежелгі геологиялық кезеңдердің географиялық тарихының баламасы ретінде қолданысқа енгізілген [7].

Палеогеографиялық алғашқы зерттеулер әртүрлі сипаттағы литологиялық-фацилық карталардың жасалуымен тығыз байланысты. Алғашқы палеогеографиялық карталар ХІХ ғасырдың 60- жылдары жасалынды, онда қазіргі материктер орнындағы ежелгі мұхит алаптарының аумақтары ғана берілді.

ХХ ғасырдың бас кезінде дүние жүзі мен Ресейдің еуропалық бөлігінің юра кезеңінің, Солтүстік Американың бор дәуірі кезеңінің, Ресейдің еуропалық бөлігінің кейінгі кезеңдерін көрсететін палеогеографиялық карталар топтамасы жасалынды [8].

Әртүрлі геологиялық кезеңдегі палеогеографиялық карталар француз геологтары А. Лаппаран және Э. Ог, австрия геологы М. Неймар, орыс ғалымы И. Д. Лукашевичтің басшылығымен де құрастырылды. Э. Ог жасаған картада ежелгі құрлықтар мен мұхиттар ғана емес, геосинклинальдар мен платформалық аймақтардың орындары да көрсетілді.

1912 жылы неміс геофизигі А. Вегенер геологиядағы мобилизм ағымының негізін салып, суперматерик Пангеяның бөлшектенуі және Атлант, Үнді мұхиттары табанының ашылуын сипаттайтын алғашқы болжам карталарының топтамасын жасады.

1912 жылы Мюнхен университетінде Э. Дактың басшылығымен палеогеография курсынан дәріс оқылуы және палеогеография бойынша нұсқаулықтың жарыққа шығуы палеогеографияның жеке ғылым ретіндегі орнын нақтылады [9].

ХХ ғасырдың 30- жылдарынан бастап, пайдалы қазбаларды (мұнай мен газ, таскөмір, тұз кендері, боксит, фосфорит, алмас және т.б.) іздестіру шараларында палеогеографиялық зерттеулер кеңінен қолданысқа енгізілді. Палеогеографиялық зерттеулер жүргізуде Л. Б. Рухин (1959 ж.), Б. П. Жижченко (1959 ж.), К. К. Марков (1960 ж.) сияқты орыс ғалымдарының еңбектерінің маңызы өте зор.

Көптеген ғалымдар пікірі бойынша палеогеография – ежелгі геологиялық кезеңдердің физикалық географиясы, нақты айтқанда палеогеография – географиялық қабықтың геологиялық тарихын, құрылымын, жай-күйін және оның даму тарихының заңдылықтарын зерттейтін ғылым болып саналады.

А. А. Григорьевтің пікірінше жоғарыда аталған географиялық қабықтағы барлық процестер атмосфера, гидросфера, литосфера және биосфераның өзара шектесу аймағында жүзеге асады.

Міне, осы аталған түйіндерден палеогеографияның негізгі мақсаты айқындалады, ол – Жердің ежелгі географиялық қабығының даму заңдылықтарын, құрылымы мен құрамындағы кеңістіктік-уақыттық өзгерістерді, геосфераның қалыптасу және даму заңдылықтарын  түсіндіру. Бұдан шығатын қорытынды палеогеографияның зерттеу нысаны мен оны зерттеу міндеттерінің барлығы дерлік географиялық мазмұнды құрайды.

Негізгі зерттеу нысаны – ежелгі географиялық қабықтың құрамдас бөліктерінің қалыптасуы мен даму заңдылықтарын анықтау және оларды бүгінгі күнгі қолданбалы, болжамдық, әдістемелік шешімдер тұрғысынан қарастыру.

Палеогеографияның жалпы теориялық негізі толық қаланып біткен жоқ. Қазірше жинақталған региондық және тақырыптық нақты мағлұматтарды өңдеу, талдау және қорытындылау бағытындағы жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар Жер ғаламшарының палеогеографиясын ғана емес, оның табиғатының болашақтағы өзгерістерін болжауға да мүмкіндіктер туындауда [1].

Палеогеография жеке дара ғылым ретінде жаратылыстану бағытындағы ғылым салаларынан айырмашылықтарымен ерекшеленеді. Физикалық география географиялық қабықтың қазіргі жай-күйін географиялық әдістермен зерттейтін болса, ал палеогеография географиялық қабықтың уақыт кеңістігі аралығындағы өзгерістерін геологиялық әдістермен зерттейді. Ал геология және геотектоника ғылымдарымен зерттеу нысандарының геологиялық уақыттағы ортақтығы біріктіреді.

 

1-сурет. Палеогеорафияның жаратылыстану ғылымдарымен байланысы

 

Палеогеография литологиямен, әсіресе оның шөгінді жыныстардың жинақталу жағдайын зерттеу саласымен тығыз байланысты. Сондай ақ палеогеография палеонтология, инженерлік геология, палеоэкология сияқты ғылым салаларының соңғы жетістіктерін де басшылыққа алады. Жалпы алғанда палеогеография жаратылыстану бағытындағы: география, геология және биология сияқты үш ірі ғылым саласының тоғысу шегінде орналасқан (1-сурет және 1-кесте).

Палеогеография барлық басқа ғылым салалары сияқты өзінің мазмұны жағынан біртұтас, әсіресе физикалық география, тарихи геология, геотектоника, палеонтология ғылымдарымен тығыз байланысты [2]. 

 

1-кесте. Палеогеорафияның жаратылыстану ғылымындағы орны 

 

Географиялық ғылымдар

Геологиялық ғылымдар

Биологиялық ғылымдар

Физикалық география (ландшафттану, геоморфоло

гия, гидрология, климатология, океано

логия, биогеография, топырақтану, гляциология және т.б.)

Литология (фация тура

лы ілім); Стратиграфия (тау жыныстары туралы ілім); Геотектоника (мобилизм); Палеонтология; Тарихи геология

Эволюциялық ілім;

Экология;

Палеоэкология;

Антропология

 

Геология, геофизика, геоморфология, гидрология, климатология, топырақ географиясы, биогеография сияқты ғылымдардың зерттейтін табиғат компоненттерінің ежелгі геологиялық кезеңдердегі өзгерістеріне қатысты мағлұматтардың барлығы дерлік палеогеографиялық білім мазмұнын құрайды (2-сурет).

2-сурет. Палеогеографияның басқа ғылым салаларымен байланысы

 

Палеогеографияның негізгі мақсаты географиялық, ал зерттеу әдістері басым түрде геологиялық сипат алатыны суретте көрсетілген. Алайда мақсат ортақтығына қарамастан палеогеография мен физикалық географияның бір-бірінен нақты айырмашылықтары бар. География жер бетінің нақты көзге көрініп тұрған бөліктерін зерттеумен айналысса, ал палеогеография геологиялық жылнамалар негізінде ежелгі ландшафт құрылымын қалпына келтіруге әрекеттер жасайды. Ежелгі ландшафттың басым көпшілігі Жердің геологиялық даму тарихында жойылып кеткендіктен, олар туралы мағлұматтар жалпылама түрде ғана, кейбір сақталып қалған ланфшафт типтеріне негізделіп жасалады. Сондай ақ ежелгі ландшафт құрылымдарын қалпына келтіруде қазіргі жер бедерінің ерекшеліктері мен неғұрлым өзгерістерге тұрақты ландшафт элементтері де қатаң ескеріледі.

Өйткені, көтерілулер мен майысуларға ұшыраған  қазіргі жер бедерінің кейбір аудандары, сондай ақ ірі өзен жүйелері сол орындарында ондаған, тіпті жүздеген миллиондаған жылдар бойы сақталып отырғаны зеріттеген ғалымдардың арқасында мәлім болып отыр.. Мәселен жер қыртысының ең көне бөліктері болып саналатын ежелгі платформалар соның айқын дәлелі бола алады [3].

Демек, палеогеографиялық ақпараттың жинақталуы геологиялық жылнама мәліметтеріне тәуелді, олар неғұрлым толық болса, соғұрлым палеогеографиялық сипаттамалардың нақтылығы да артады.

 

 

 

 

Әдебиеттер  тізімі

      Негізгі әдебиеттер:

1.Бейсенова Ә. С., Каймулдинова К. Д. Жер туралы ғылымдардың

қазақша-орысша-ағылшынша терминологиялық сөздігін жасаудың мәселелері. – Алматы, 2010 – 92 б.

2. Әбілмәжінова С. Ә., Жангелдина Д. І., Бейкитова А. Н. Палеогеография: Оқулық. Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2011 – 259 б.

3.Вегенер А. Происхождение материков и океанов.-Л.:Наука,1984.-285

4.Веклич М. Ф. Палеогеография и ее основные задачи //

Палеогеография. Палеоландшафты. – Киев : Наукова думка, 1977. – С. 3-66.

5.Величко А.А. Изменение климата и ландшафтов за последние 65

миллионов лет. – М. : ГЕОС, 1999. – 260 с.

6.Вронский В. А., Войткевич Г. В. Основы палеогеографии. – Ростов на

Дону: Феникс, 1997. – С. 70-104.

7. Дашкевич 3. В. Палеогеография. Л.: Изд-во Ленингр. ун-та, 1969. –

152 

8.Евдокимов С. П. Развитие методологии палеогеографии. – Саранск:

Изд-во Мордов. ун-та, 1991. – 144 с.

9. Ясаманов Н. А. Популярная палеогеография. – М.: Недра – 1998. С. 

428.

Қосымша әдебиеттер:

1.  Дашкевич 3. В. Палеогеография. Л.: Изд-во Ленингр. ун-та, 1969. –

152 с.

2. .The Word of Elephants: Proceeding of the 1st Itern. Congr. – Rome, 2001. – р. 367-372.

3 . Веклич М. Ф. Палеогеография и ее основные задачи //

Палеогеография. Палеоландшафты. – Киев : Наукова думка, 1977. – С. 3-66.