Ұлы Абай Құнанбайұлына 175 жыл


20.11.2020, 12:44

Ұлы Абай Құнанбайұлына 175 жыл

 

Қазақ халқының ұлы ақыны Абай (Ибраһим), 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты ішінде дүниеге келген. Ақынның әкесі Құнанбай – ол күнгі сахараның жуан әкімінің бірі. Түгел тобықтының ұлығы болған.

Абайдың ең алғашқы балалық шағы «күндестің күлі күндес» дейтұғын көп шешенің  арасында өтеді. Бірақ өзін тапқан шешесі Ұлжан мен үлкен шешесі Зере жаратылыстан мінезді, әділ, мейірбан адамдар болып, жас Абайды бауырмал, адамгершілік жолымен тәрбиелеуге тырысқан. Әкесі қойған Ибраһим деген атты да аналар еркелетіп өзгертіп: ойлы болсын, абайлағыш, аңдағыш болсын деп ырымдық жолмен «Абай» деп есімін қойған.

Абай - ұстаз, сыншыл ақын, күй шығарғыш өнерпаз. Бар қазақтың өнерлі қауымы – мұның досы. Айналасына талантты жас үйіріледі. Үгітіне, өлеңіне халқы ынталай құмарта қызығады. Өмір алға жылжыған сайын Абайдың абырой-атағы артып отырады. Өлең үлгісі болса ол да қазақтың барлық жас ұрпағына жайыла тарап,өнер серік айт пен тойда талап пен ойда өмір серік боп, әрбие тәлімін үнемі беріп, ұдай түсті.

Абай  тірлігінің мағына-мәнісінің өзін бұрынғы  қазақ ақындарынан мүлде басқа, жаңаша бағалап ұғындырады. Осы жолда өнерлі елдің бәрінен оқы, үйрен, үлгі ал. Адам  баласының бәрінің тарихындағы жақсылығынан, өнерінен үйрен. Бұл жолда дін дін де, ата салт та, ескі құрылыс қалып та кедергі, бөгет болмасын. Болар болса аттап өт, елең қылма. Кім білім беріп,елдігіңді жаңа белге шығарар  болса сол досың,сол жақының деп, халық, қауымға бет сілтейді.

2020 жыл Ұлы дана ақынымыз - Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай еліміздің көптеген өңірлерінде мерейтойлық іс-шаралар өткізілді.

Ұлы Абай мұрасын елімізде кеңінен насихаттау мақсатында, Қазақтың Ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың 175 жылдығын атап өту бойынша 2019 жылдың мамыр айында еліміздің президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Абай Құнанбайұлының мерейтойын жоғары деңгейде мерекелеу туралы жарлыққа қол қойған болатын.

Ұлттың ұлтпен, халықты халықпен теңестіретін әр елдің озық ойлы, данышпан тұлғалары болып табылады. Біздің Тәуелсіз Қазақстан үшін, қазақ халқы үшін жеке дара туған ойшыл тұлға - Ұлы Абай.

Абайдың өмірлік кредосы - ар жолы, адамгершілік жолы, адалдық әділдік, білім мен ғылым болған.

Абай  тікелей мұғалімдікпен айналысып, сабақ беріп, арнайы түрде педагогика ғылымдарына бағыштап еңбек жазбағанымен, оның шығармаларының өне бойы адам жанының небір түкпірлеріне үңілетін адам тәрбиесіне қатысты тұнып тұрған озық идеяларға толы. Соның бастысы – дара тұлғаның өзін-өзі қалыптастыруына апаратын жолды дәл тауып, «жан құмары»- «білмекке құмарлық» деп жұмбақтың шешуіне айналдырғаны.

Қорыта  келгенде айтарым, Абай – қазақ халқының тарихи көшін ілгері бастауда, ой-пікірлерінің шеңберін кеңейтуде, ұлттық мәдениетін көтеруде ерен еңбек сіңірген ұлттық болмысымызға  дара біткен  жарық жұлдыз. Абай тағылымы оның даралығында, Абай даналығы оның данышпандық ойлары мен парасатты сөздерінде. Абай парасаттылығы оның ағартушылық ой-түйіндерінде, сол ұстаздық ойларының асқар белесі ел тәрбиесінде деп білемін.  Қазақстандағы педагогикалық ойлардың даму тарихы қазақтың жазу мәдениеті негіздерімен байланысты.

2020 жылы Елімізде Ұлы дана ақынымыз Абайдың 175 жылдығына орай көптеген мерейтойлық іс-шаралар өткізілсе, болашақ қазақ елімнің төрінде Ұлы дана Абайдың 500 жылдық мерей тойының тойлануына тілектеспін құрметті қоғам.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Тарих, археология және этнология факультеті

Т.ғ.к., доцент Л.М. Хасанаева

2-ші курс магистранты Даирова Гүлдана