Ақиық ақын, ірі мемлекет қайраткері, жазушы, драматург, әдебиет зерттеушісі Сәкен Сейфуллин туралы жоба


19.12.2020, 17:56 Мазмұны

 

Аннотация                                                                                   

Кіріспе

Жұмыстың зерттеу бөлімі           

1.Тұғыры биік туған жер

2.Сәкеннің өмір жолы

3.Ақиық ақын – Сәкен

4.Жазушы, әдебиет зерттеушісі, мемлекет қайраткері

5.Жазушы өмірінің соңғы кезеңдері

6.Жазушы атын марапаттау

7.Сәкен туралы ойлар

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер

 

Аннотация

 

Тақырыбы: «Ақиық ақын, ірі мемлекет қайраткері, жазушы, драматург, әдебиет зерттеушісі Сәкен Сейфуллин».

 

Мақсаты:

Республикамызға Қазақстан атын бергізген, «Қазақ тілі кеңсе тіліне айналмай, бағы жанбайтынын айтып», тіліміздің мемлекеттік статус алуына ең алғаш еңбегін сіңірген адам осы Сәкен Сейфуллин екенін болашақ жастарға түсіндіру.

Кіріспе

XX ғасырдағы қазақ поэзиясын жаңа түр, тың мазмұнмен байытқан ақиық ақын, ірі мемлекет қайраткері, сарабдал жазушы, драматург, әдебиет зерттеушісі, республика каламгерлерінің бетке ұстар беделді серкесі, осыларға сал-серілігі мен сирек ұшырасатын сымбаттылығы қосылып, көзінің тірісінде-ақ аңызға айналған Сәкен Сейфуллин — қоғамдык ой-пікір, әдеби-мәдени тарихымызда ерекше орын алатын жарқын тұлға.

«Асыл бабамыз Сәкен Сейфуллиннің аруағы

тәуелсіз елімізді желеп-жебеп жүрсін»

Н.Ә.Назарбаев

Тұғыры биік туған жер 

Сәкен Сейфуллин кейін өзі сұлу табиғатын талай рет тебірене жырлаған өлкеде — Ақмола уезі, Нілді болысының Бірінші ауылында 1894 жылы 15 қазанда (қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданы) орташа ауқатты кісінің отбасында дүниеге келеді. Әкесі Сейфолла серілігі бар домбырашы, саятшы, сөзге шешен кісі екен де, шешесі Жамал әңгіме, аңыз-ертекті көп білетін әрі нәшіне келтіріп айтатын салиқалы ана болыпты. Сәкеннің бірге туған бауырлары туралы Сәкеннің кенже інісі Мәжиттің қызы Ырымжан Сейфуллинаның айтуынша Сейфолла мен Жамалдан жеті перзент туған, солардың тұңғышы – Сәкен. Cәкеннен кейін Мәлік (Мәлгаждар), Әбен, Мәжит деген төрт ұл, Рахима, Сәлима, Қалима атты үш қыз болған. Көргендердің айтуынша, Сәкеннің үш қарындасы да өте сұлу болғандықтан, көз тиіп қайтыс болыпты.

Сәкеннің өмір жолы

Сәкеннің өз кіндігінен болмаса да, кішкентайынан бауырына басып, қызындай көрген Ырымжаны бүгінде оның іздеушісі, мұраларын жинақтаушы. Әрі Сәкенді жендеттер кеп алып кеткен сол бір сәтті өз көзімен көргендерден қалған жалғыз куә.                                                                                   

Ақиық ақын Сәкен

Алғашқы «Өткен күндер» атты өлең жинағы 1914 жылы Қазан қаласында басылып шығады. Қазақта ол кезге дейін, Мағжанды айтпағанда, Сәкен сияқты 20 жасында өлең кітабы шыққан ешкім болған емес.

Жазушы, әдебиет зерттеушісі, мемлекет қайраткері

Сәкен Сейфуллин өмірде де, әдебиетте де белсенді күрескер болды. 1922 жылдың өзінде үш бірдей шығармасы «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар», «Асау тұлпар» жарық көрді. «Көкшетау» (1934), «Қызыл ат» (1934), дастандарында заманалық мәселелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-жылдардың бас кезінде Қазақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік» (1924), «Аққудың айрылуы» (1925) шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді.

Жазушы өмірінің соңғы кезеңдері

Қайран ерім, тозақ отына күйседе елін, жерін ұмытпай қасіретін өлеңге айналдырып, сәлем жолдапты:

 Сәлем де Көкшетаудың биігіне,

 Бауырында ойнақ салған киігіне.

 Ұсталып, арманда мен кетіп барам,

 Қайтып кеп оралам ба үйіріме.

 

 Халқыма оқ атқам жоқ, атпаймын да,

 Халқымды сатқаным жоқ, сатпаймын да.

 Қамалып, “халық жауы”… кетіп барам,

 Білемін, бұл сапардан қайтпаймын да.

 

 Жауым деп халқым мені ойламасын,

 Сәкенін кейінгі ұрпақ есіне алсын.

 Кеудемде ат басындай арман кетті-ау,

 Шіркін-ай, мұны қайтіп ұмытарсың?…

Ақын 1956 жылы толығынан ақталды. 

Жазушы атын марапаттау

Сейфуллин мұражайы, 1988 жылы 21 ақпанда Целиноград қаласында (қазіргі Астана қ.) облыстық өлкетану музейінің бір бөлімі ретінде ашылған. Мұражай Есілдің оң жағалауында, қазіргі Астана қаласының көне қапталында С.Сейфуллин мен М.Әуезов көшелерінің қиылысында, ағаштан салынған ескі үйде орын тепкен. Мұражай жанына ақынның ескерткіші орнатылған. Тарихи архитектуралық ескерткіш саналғанымен, мұражайдың сыртқы көрінісі бүгінгі жаңа құрылыстар ансамбліне ұқсас. Сейфуллин мұражайында кіре беріс зал есігіне қарама-қарсы қабырғаға кеңестік қуғын-сүргін құрбандарына арнап тоқылған кілем-гобелен ілінген. Қабырғаны тұтастай алып тұрған бірегей полотноның орта тұсында Сәкеннің гипстен жасалған бедерлі бейнесі, етегінде гүл шоғыры бейнеленген. Кіре берістегі оң қанатта “Сәкен мен Ақмола” аталатын фотокөрме бүгінгі Астана өмірімен астасып, Елорданың ертеңгі болашағынан елес береді. Сәкеннің туған жері — Қарашілік көрінісі, әке-шешесінің бейнелері, жастық шағы өткен, оқыған, білім алған елді мекендердің, Қараөткел мен Ақмоланың сол тұстағы көріністері бедерленген.

Сәкен туралы ойлар

Мұхтар Әуезов Сәкен Сейфуллин туралы былай деген: «Сәкеннің ақындық асуларында әр жотадан атой бергендей тәкәппар сөз үндері «жабы емеспіз, тұлпармыз», «құладын емес, сұңқармыз», - деп, бұрынғы өткен тарихқа бүгінгі оянған табына дабыл ұрады. Оның шығармаларына біткен сезімнің барлығы да айқын ашық. Тұтас бітімді жоталы тұлғадан туатын көрнекті бүтіндігі бар сезімдер. Оның шыншылдығы қозып, жанып отыратын, буы білініп тұрған барынша нық сезім. Шын жүрек шыншылдығы. Сондықтан мұның жолы әр адымын санап басқан кісінің жолы емес, ылдиы бар, өрі бар шын өмір жолы, ыстық қанды нағыз Ақын жолы. Тегінде мағыналы, өрісті, көш бастар, белге шығар үлкен еңбек туса, осындай қайнар көзден шығуға лайық», - деген кемеңгер ой Сәкеннің ұлы ақындығын қалтқысыз түсініп әдебиеттегі орнын айна-қатесіз белгілейді.

Қорытынды

Қазіргі уақытта қазақ ақындары кімге өлең-жыр, поэма арнамай жатыр, олардың тағдыры Сәкен шығармаларындай болса, ақындықтың маңынан жүретін адам табылмай қалуы ғажап емес. Бірақ, өмір тоқтамайтыны сияқты, тарихта із қалдыратын мәнді шығармалардың дүниеге келгеніне не жетсін. Қаншама қасіретті болса да, Сәкендей ұлы азаматтарымыздың қазақ поэзиясында жарық жұлдыз болып өткенін, артына ғибратты да даңғыл жол салып кеткенін қадірлеп, құрметтей білейік.

Пайдаланылған әдебиеттер

1.Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 7 том

2.«Егемен Қазақстан» №368 (25765) 07 ҚАРАША СЕНБІ 2009 ЖЫЛ

3.«Егемен Қазақстан» газеті Тұрсынбек КӘКІШЕВ, профессор

4.Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.»      ЖШС, 2010

5.Философский энциклопедический словарь. Москва, 1983г

6.Қазақ әдебиеті энциклопедия «Білік» баспа үйі, Алматы, 1999ж

7.Қазақ әдебиетінің тарихы   Кеңес дәуірі /1917-1940/ 7-том          

   «Қазақпарат» 2004ж

8.Қазақ ССР   4 томдық қысқаша энциклопедиясы, 4-том, Алматы, 1989ж

9.Сәкен Сейфуллин, көп томдық шығармалар жинағы, 1-том.