"Оқушыға патриоттық тәрбие беру"


19.12.2020, 18:07

Оқушыға патриоттық тәрбие беру

 

Қазақстан Республикасы - өзінің тәуелсіз мемлекет екендігін бүкіл әлемге дәлелдеді. Енді басты міндет – осы мемлекеттің өркендеп өсуі, халықтың әлеуметтік, экономикалық жағдайын көтеру. Қазақстанды – Отаным деп таныған әрбір азаматтың осыған өз мүмкіндігінше үлес қосуы тиіс. Осы мақсатқа жету жолында біздер мұғалімдер қауымы көп тер төгуімізге тура келеді. Ол дегеніңіз, болашақ жастар, оқушылардың бойында патриоттық сезімін ояту. Отанын, елін, жерін, Ата Заңын,  Мемлекеттік Рәміздерін құрметтеуге үйрету.

Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: "Қазақстанның отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен жоғарғы оқу орындарына дейінгі орталықтарда барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу-мұғалімнің аса маңызды, аса жауапты да қадірменді парызы"-деген еді. Әр дәуірдің тарихи кезеңдерінде Отансүйгіштікке тәрбиелеудің өзіндік мүдделері болады. Ол ең алдымен, "ұлтжандылық", отансүйгіштік", " патриотизм", ұғымдары сол заманның ақиқаты  -  наным - сенімінен туындайды. Еліміз егемендік  алғаннан бері жас ұрпақ тәрбиесінің темірқазығы - қазақстандық патриотизм болды.

Патриотизм туралы идеяларды кезінде өздерінің шығармаларында қазақ даласының ойшылдары Әбу - Насыр әл - Фараби, Хас Хажиб Баласағұн, Махмұд Қашқари, жыршы - жыраулары Асан қайғы, Доспамбет жырау Қалқаманұлы, Махамбет Өтемісұлы айтқан болатын. Аталған ғұламалардың еңбектері еліміздің егемендік алуымен байланысты педагогикалық тұрғыда зерттеліп, бір жүйеге келтірілді.

Президентіміз Н. Ә. Назарбаевтың «Қазақстанның болашағы - қоғамның идеялық бірлігінде» - дейтін еңбегіндегі мына бір тамаша ойға тоқтап өткен дұрыс болар: «Әрбір адам біздің мемлекетімізге, соның бай да даңқты тарихына, оның болашағына өзінің қатысты екенін мақтанышпен сезіне алатындай іс - қимыл жүйесін талдап жасауы қажет. Елдің мәселелері де, келешегі де барлық адамға жақын әрі түсінікті болуы тиіс. Әрбір адам бала кезінен Қазақстан – менің Отаным, мен үшін жауапты екені сияқты мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей істегені   жөн». Міне, осы сөздің өзі – тұла бойы тұнған отаншылдық тәрбие міндеттері.

Өз ұлтына деген патриоттық сезімді қазақ ағартушылары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев шығармаларынан да байқауға болады.  Балаларға патриоттық рух беретін, халық үшін қызмет етуге үндейтін, өз елін қорғау үшін керек десе, жанын қиюға дейін баруға болатынын іспен көрсететін және үстем таптың озбырлық ниеттерін айқын әшкерелеп, оған қарсы күрес жүргізуге шақыратын Махамбеттің қуаты күшті шағын өлеңдерінің балалар үшін маңызы ерекше. Махамбет балалар әдебиетінің өкілі емес, бірақ Махамбет өлеңдерінің бірсыпырасы балалар мен үлкендерге бірдей ортақ мұра. Абай халықтың болашақ   жаңа қауымына, жасөспірімдерге арнап талай өлеңдер жазды, нақыл сөздер айтты. Жастарды өнер- білімге шақырды. Абай өз өлеңдерін жастарға үлгі – өнеге көрсету үшін жазатындығын алдын ала ескертіп өтеді. Білімді ұрпақ туған ұлт – халық үшін қызмет етсін дегенді басты міндет етіп қояды. Абай өз қызметін Отан мен халық алдындағы борышым деп түсінді. Оның шығармалары Қазақстан тағдырына деген, оның бостандық сүйгіш халқының болашағына деген қамқорлықпен айшықталған. Оның патриотизмі туған ел табиғатына, мәдениетіне, тіліне, озық дәстүрлері мен ұлттық мінезінің жақсы жақтарына деген сүйіспеншілігінен көрініс тапты. Ыбырай атамыз да бар үмітін жас ұрпаққа артты. Ыбырай атамыздың соңында қалған мұрасының жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беру ісіне тигізетін әсері зор. Өйткені патриотизм қашанда, қандай қоғамда да өзінің әлеуметтік мәнін, маңызын жоғалтпайтын ұғым.

Сәбидің бойында ең алдымен анасына, өз отбасына, өз үйіне, туған жеріне деген жылы сезімнен бастау алатын, тұлға есейген сайын біртіндеп ұлт, халық, әлеумет, мемлекет деңгейіне көтеріле беретін бұл сезім адамның бүкіл ғұмырына жалғасып жатады.

«Қазақстан- біздің ортақ үйіміз, біздің өзіміз де, біздің бабаларымыз да осы жерді мекен етеді. Егер біз өзіміздің өмірімізді сынауды білер болсақ, оны жасампаздықпен жаңғыртып, бой көрсеткен әрбір талшыбықты мәпелеп өсіріп отырмасақ, онда біз өзімізді нағыз патриот деп санай алмас едік» деген Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың сөзі мемлекетіміздің келешегінің тұтқасын ұстайтын жас ұрпақты осы бастан Отанына, атамекеніне шын берілгендік рухында тәрбиелеуден артық борыш жоқ екендігін көрсетеді.

Адамгершілікті, тәрбиелі адам – кез келген мемлекеттің байлығы, әлеуметтік өмірдегі бейбітшілік пен мәдениеттіліктің кепілі.

Патриоттық тәрбие жүйесінде мына бағыттарды  анықтауға болады:

- рухани адамгершілік

- тарихи - өлкелік -«Шежіре»

- азаматтық-патриоттық тәрбие. Бұл бағыт құқықтық мәдениет, заңгерлік, саяси және құқықтық өзгерістер, мемлекетпен қоғамдағы өзгерістер, заң орындау,қызмет ету арқылы ықпал етеді.

- әлеуметтік –патриоттық. Рухани адамгершілік және мәдени тарихи байланысқа бағытталып, үлкен кісілер сыйластық сезімдері.

- әскери –патриоттық. Балалар бойындағы үлкен патриоттық сезімді, Отан сүйіспеншілікті , оны қорғауға, әскери дәстүрді, әскери тарихты қалыптастыру.

- спорттық-патриотизмді дене спорты және дене шынықтыру сабақтары арқылы шыдамдылыққа, ерлікке, тәртіптілікке  бағытталған. 

"Қазақстандық патриотизм" ұғымы біздің тәуелсіздігімізбен қоса туған жаңа сөз болып, еліміздегі саяси-әлеуметтік ахуалдың ерекшелігін көрсетеді. Елімізде жүзден аса ұлттар мен ұлыстардың өкілі өмір сүруде. Қазақстан олардың көпшілігінің туған отаны және бұдан былай да мәңгі тұрақтап қалар мекені болмақ. Сондықтан олардың әрқайсысы Қазақстанды ата-жұртым деп танып, оның тәуелсіздігін қорғауға және материалдық байлығын арттыруға еңбек етуі тиіс. Сол себепті қазақстандық патриотизм ұғымы күнделікті өмірде жиі қолданылып, кеңінен қалыптасып келеді.

Патриоттық тәрбие мәселесі адамзат тарихының өн бойындағы ұрпақтан – ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат болғандықтан, мектеп оқушыларының бойындағы Отанға деген сүйіспеншілігін, яғни патриоттық санасын дарытуда халқымыздың біртуар ұлы, ержүрек қолбасшы,жазушы, Қазақстанның Халық Қаһарманы батыр Бауыржан Момышұлы ағамыздың кейінгі ұрпаққа үлгі етіп қалдырып кеткен өсиеттерінің және ерлікке толы шығармаларының алатын орны ерекше. Мысалы, соғыс жылдарында Бауыржан Момышұлы ағамыз

Ата мекен жер үшін,

Қасиетті ел үшін,

Әзиз ана, қарт ата,

Ботакөз сұлу қарындас

Күң, құл бомасын, - деген жыр жолдары арқылы жауынгерлерге рух беріп, ерлік істерге шақырады.

Бауыржан Момышұлы өз шығармаларында патриотизмге, ерлікке, батырлыққа байланысты біршама терминдерге анықтама берген. Енді соларға тоқталып өткім келеді:

Патриотизм дегеніміз – Отанға деген сүйіспеншілік, жеке адамның аман– саулығының қоғамдық – мемлекеттік қауіпсіздікке тікелей байланыстығын сезіну, ал мемлекетті нығайту дегеніміз – жеке адамды күшейту екенін мойындау, қысқасын айтқанда, патриотизм мемлекет деген ұғымды жеке адаммен, яғни оның өткенімен, бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасты білдіреді.

Ерлік дегеніміз – табиғат сыйы емес, ең алдымен, өзінің ар-намысын және адамзаттың қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімін – азаматтық парызын орындау үшін, осындай адамгершілік теңдікті өзіңмен сайысқа түсе отырып тұтас ұжым өмірінің игілігіне ғана емес, оның қауіп қатерін де бөлісіп, жауды барынша жою, жанға – жанмен, қанға - қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарды қауіпсіздік етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігу.

Батылдық – қимыл, әрекет есебін тәуекелдеумен үйлестіре алушылық.

Табандылық – батырлардың қалқаны.

Өжеттілік, қайсарлық – адамның тіпті мүмкін емес деген жағдайдың өзінде абыроймен өлімге бас тігуге тәуекел етушілік, игілікті құлшыныс.

Сондай-ақ Бауыржан ағамыз халықты ерлікке, патриоттыққа тәрбиелеуде артына көптеген мақал-мәтелдер, жақсы сөздерін қалдырған.

Мысалы:

  • Намысты нанға сатпа.
  • Өз ұлтын сыйламау, оны мақтаныш етпеу - сатқындық.
  • Именіп жүріп көрген игіліктен - қарсыласып жүріп көрген бейнет артық.
  • Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше - шындықтың уын ішін өлген артық.
  • Ерлік - елдің қасиеті, жүректілік - жігіттің қасиеті.
  • Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады.
  • Батырлық тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекелді ештеңе де ақтап ала алмайды.
  • Ерлік - тайсалмас табандылық пен қайыспас қайсарлықтан шығады.
  • Өршіл рухтан - өлмес ерлік туады.
  • Белдескеннің - белін сындыр, тірескеннің - тізесін бүктір.
  • Ептілік те - ерлік.
  • Қолбасшы болсаң сондай бол - жосылып жатқан жолдай бол.

Осындай тағы да басқа батырлық, ерлік, тәлім-тәрбие, өсиет, тағлым туралы біздерге өсиет сөздер қалдырған.

Патриоттық тәрбие, ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім рухани байлықтан көрініс табады. Олай болса, рухани байлыққа, ең алдымен, тілімізді, дінімізді, салт - дәстүрімізді жатқызсақ, тіл - қазақ болуымыз үшін, дін - адам болуымыз үшін, салт – дәстүр - ұлт болуымыз үшін қажет.   Патриотизм  сезімінің оянуы мен қалыптасу үрдісін  белгілі бір асқақ сезімдерден, мақтаныш - сүйініштен бөле - жара қарауға болмайды. Ол елінің өткен тарихын мақтаныш тұту, жерінің байлығына, әсем көркіне сүйсіну, атадан балаға жалғасып, жақсы үрдісін тапқан ұлттық тілді құрметтеу. Осы сезімдерден туатын, санада орнығып қалыптасатын асыл қасиеттер ұлттық патриотизм деңгейінде өркен жайып, азаматтық патриотизм биігіне ұласатын сыңайлы. Әрине, бұл өздігінен бола салатын нәрсе емес, ол да нақты тәрбиенің жемісі. Бұл тәрбиенің жемісін еккен әрине, мектеп жасына дейінгі балалар үшін - тәрбиеші, ал орта білім мен жоғарғы білім алушылар үшін –ұстаздар қауымы деп айта алар едім.

Қазақстан азаматтарын патриотизмге тәрбиелеу – тұлғаның патриоттық сана – сезімін қалыптастыру;  патриоттық іс – әрекетін ұйымдастыру. Егеменді елдің азаматын тәрбиелеуде  әр тәрбиешінің, әр ұстаздың  ең басты мақсаты - дені сау, ұлттық сана - сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениеті, парасаты, ар – ожданы мол, еңбекқор, іскер бойында игі қасиеттері бар адамды тәрбиелеу.

Қорыта айтқанда, оқушылармен осы жоғарыда баяндалғандай патриоттық сезімдерді жеткізе білсек, оқушының көкейіне патриотизм туралы ой сала білсек, үлгі көрсетсек, онда заманға сай, қоғамға керекті азамат, отансүйгіш, елсүйгіш азамат, елге қызмет ететін қайраткер тәрбиелейміз.