ТАРИХТАН ТАҒЫЛЫМ- ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ (Саяси қуғын-сүргін құрбан¬да¬рын еске алу күніне орай өткен дөңгелек стол )


29.04.2021, 15:28

Қазақстанда 1997 жыл­дан бері жыл сайын 31 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Саяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын еске алу күні аталып келеді.  Осыған орай сәуірдің  27 күні  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ –дың тарих және философия факультетінің студенттерімен онлайн форматында «Тарихтан тағылым- өткенге тағзым»  атты дөңгелек стол өтті. Дөңгелек стол барысында студенттер саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу мақсатында баяндамалар жасап, өз ойларын ортаға салды. Дөңгелек столға қатысқан тарих  факультеті деканының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары  А.Қошымова студенттерге: «ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін – мыңдаған жазықсыз адамдардың  жазаға ұшыраған, тарихымыздың шерлі беттерінің бірі болып саналады. Әкімшілік-жазалаушы жүйе еңбектеген сәбиді де, еңкейген кәріні де, болмысы нәзік әйелді де аяған жоқ. Қазақ ұлты тартқан ең ауыр зардап осы зұлматты жылдармен байланысты. 1931-1933 жылдың ашаршылығы миллиондаған қазақтың басын жұтты, 1937-1938-дің репрессиясы қазақтың бетке ұстар қаймағын қынадай қырып салды. Қызыл империяның қаны тамған заманда елімізде 20-дан астам лагерь жұмыс істеп, оларда 800 мыңнан астам асыл азаматтарымыз азап шекті. 1937-1938 жылдар аралығында 103 мың адам қуғындалып, 27 мыңнан астам адам өлім жазасына кесілді» деп мәліметтер келтірді. Бұл күні тек қуған-сүргін құрбандарының туған-туыстары ғана емес, бүкіл ел бабалар рухына тағзым етеді, әрі бас иеді. Кейінгі ұрпақ тәуелсіздік тұғырын қалаған боздақтарын ұмытпауы тиіс. Лагерлерде елі мен жерінің, қазақ ұлтының қамын ойлап Алаш қайраткерлері, қазақ мәдениеті мен ғылымына, ағарту саласына еңбегі сінген интеллигенция өкілдері азап шекті. Студенттер Алаш зиялылары Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жаһанша және Халел Досмұхамедовтардың қазақ ұлтының қамын ойлап, оның жарқын болашағы үшін,  тәуелсіздік идеясын ту еткен бүгінгі ұрпаққа аманат атқарған ерен істері жайында өз ойларын ортаға салды. Сондай - ақ  ұлттық сөз өнеріне, оның өрісті өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан – Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы, Міржақып Дулатұлы және т.б. қазақ зиялыларының еңбектерінде елдік мұрат-мүдде, ұлттық құндылықтар мен руханият ісінің түйінді тұстары мен тәрбиелік тағылымдары кеңінен көрініс беретіндігіне талдау жасады. 4 курс студенті Рамазан Әбілдос Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» атты өлеңдер жинағында, ақынның бостандық, азаттық, теңдік тақырыптарын оқу, өнер, білім, өркениет мәселелерімен байланысты қозғағанын айта келе: «Көзінді аш, оян, қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты, – деген өлең жолдары арқылы жастарды отаншылдыққа шақыруы, ақынның күрескерлік, азаматтық тұлғасы анық танылғандығына баға беріп, жастардың бойына рух пен күш беріп, жастарды жігерлендіре түсті.

Жаппай қуғын-сүргін бұрынғы Кеңес Одағының бірде-бір халқын айналып өткен жоқ. Қазақстанға бұл жылдары  1 млн. 500 мың  басқа ұлт өкілдері жер аударылған. Тұрмыс тауқыметіне қарамастан қазақ халқы еріксіз жер аударылған бауырластарымызды жылы қабылдап, соның нәтижесінде тоталитаризмнің қанды шеңгеліне бірлесе төтеп берді. НКВД-ның ерекше бұйрығымен сол бір зұлмат жылдары қазақтың қамын ойлаған ұлт серкелеріне жөнсіз жала жабылып, аяусыз атылып, итжеккенге айдалса, отбасылары да қуғынға ұшырап, лагерлерге қамалды.

Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы үшін cаяси қуғын-сүргін құрбан­да­рын еске алу және есте сақтау қасиетті парыз. Өткенді ескермей, болашақты құру мүмкін емес.  Ұйымдастырылған іс –шара  бүгінгі ұрпаққа өнегелі тәрбие беру, оларды Отанын сүюге, елінің, жерінің адал патриоттары болуға баулу, олардың санасына тарихи шындықты жеткізу,өткеннің ауыр сабақтарын сараптай отырып, адамзаттың бүгінгі және болашақтағы тарихында осындай зұлматты болдырмауды міндеттейді.

 

                    Әл – Фараби атындағы ҚазҰУ- дың Қазақстан тарихы   

кафедрасының т,ғ,к., доцент Г.Б.Қозғамбаева,

1 курс магистранты А.Әбдіназарова