Роза Бекболатқызы: «Жас маман» секілді байқаулар педагогтың сенімділігін арттырады


21.11.2019, 14:38

Тәрбиеші – буыны қатпаған баланың алғашқы үйлестірушісі, әр баланың болашағына барар жолдың алғашқы баспалдақтарын құрастырушы.

Менің бүгінгі кейіпкерім — осы жауапкершілікті жіті түсінетін, әрі мамандығын жүрегімен таңдаған Атырау облысы, Жұмыскер поселкесісіндегі КМҚК №11 «Таңшолпан» балабақшасының тәрбиешісі, біздің «ЖАС МАМАН» ІII республикалық байқауының бас жүлде иегері  Роза Бекболатқызы. Роза ханым Атырауда болғандықтан телефон арқылы біраз әңгімелестік…

Қарашаш Есенбай: Қайырлы күн, Роза ханым! Сізді үздік «Жас маман» атануыңызбен құттықтаймын! Алдымен екеуміз жақынырақ танысып алсақ,  өзіңіз туралы қысқаша ақпаратпен оқырмандарымызға таныстырсаңыз.

 Роза Бекболатқызы: Өзім туралы айтатын болсам, Атырау облысында Қызылқоға ауданы, Тазшағал ауылында дүниеге келгем. Атыраудағы Х. Досмұғанбетов атындағы университетті алғашында «Педогогика және психология» мамандығы бойынша тәмамдадым. Одан кейін екінші дипломды «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеу» мамандығы бойынша алдым. Соңғы төрт жылдан бері ауылымыздағы «Таңшолпан» балабақшасында тәрбиеші болып қызмет етіп жатырмын.

Қарашаш Есенбай: Балабақша үлкен жолдың бастауы ғой, осы тұста балабақша тәрбиешісінің адам өміріндегі рөлі туралы айтыңызшы?

Роза Бекболатқызы: Тәрбиеші мамандығы — ең жауапты мамандыққтың бірі. Өйткені әр үйдің еркесі, кішкентайы үйінен ұзап, алғаш болып балабақшаның есігін ашады. Балабақша арқылы ортамен, қоғаммен араласып, достар табады, оң-солын таниды. Мұндағы тәрбиешінің міндеті балаға білім, тәрбие беру, оалрдың отбасына көмектесу. Бұл жерде «отбасына көмектесу» дегеніміз қазір ата-аналардың бәрі жұмыс басты ғой, олар өз балаларын балабақшаға береді. Сол балаларды сеніп тапсырғандықтан, жауапкершілік алып, көмек көрсетеміз деген ойдамын. Тәрбиеші болғандықтан баланың саналы болып өсуіне әрине біз аянбай еңбек етеміз және адал қызмет атқарып жүрміз.

Қарашаш Есенбай: Соңғы кездері ғаламторда балабақша тәрбиешілерінің теріс әрекеттері жиі тарап жүр. Бұл барлық ата-анаға күдік ұялатқаны рас. Осының салдары неде деп ойлайсыз?

Роза Бекболатқызы: Тәрбиеші ең бастысы өзінің мамандығына махаббатпен қарауы және ісіне ұқыпты болуы керек. Әр адам өзіндегі жауапкершілікті сезінсе, ондай жағдайлар болмайтын еді деп ойлаймын. Кішкентай балалар адам қандай қарым-қатынас жасаса, сондай жауап қайтарады. Сондықтан, балаға сүйіспеншілікпен, ылы көзқараспен қарауымыз керек. Бала тентек болған жағдайда, оны алдап болсын тіл табысуға тырысқан жөн. Сол кезде артық қылық болмайды.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз неше жас аралығындағы балаларға тәрбиешісіз. Олармен қалай тіл табысасыз?

Роза Бекболатқызы: Мен бес-алты жастағы ересектер тобының тәрбиешісімін. Олармен қарым-қатынасым өте жақсы деп айта аламын. Күнде таңертең келгенде баланы жылы күліп қабылдау керек. Одан кейін таңғы жаттығуға дейін балалармен арнайы жұмыс жүргіземіз. Сол кезде олардан қалай демалғандарын, көңіл-күйлерін сұрап, мазасы болмаса себебін анықтауға тырысамын. Баланың ойын білу өте маңызды! Олармен еркін болу, әңгіме айту, пікірін тыңдау қажет-ақ. Өзім таңнан кешке дейін жылы қарым-қатынас жасауға тырысамын.

Қарашаш Есенбай: Кейде көнбейтін балалар болады ғой, олардың тәрбиесімен қалай күресесіз?

Роза Бекболатқызы: Кейде ондай балалардың болатыны рас. Ол кезде біз алдымен баланы зерттейміз. Үйдегі жағдайы қандай екенін анықтап, ата-анасымен сөйлесеміз. Мұндай балалардың ортаға тез сіңіп кетуі үшін топтық ойындар ойнатып, достық шеңберін құруға тырысамын. Содан кейін бала өзі-ақ ортаға үйренісіп кетеді. Әрі біз оны үнемі бақылап, өзгерістерін қадағалап отырамыз ғой.

Қарашаш Есенбай: Ата-аналар мен сіздердің араларыңыздағы байланыс қандай деңгейде? Жұмысбасты аналар баласының күн тәртібін қадағалап отыра ма?

Роза Бекболатқызы: Өзімнің тобымдағы балалардың ата-аналарымен қарым-қатынасым өте жақсы. Әрине, олар да таңертең келгенде, кешкісін алып кетер кезде болсын балалары туралы сұрап, олардың белсендігі мен қабілеттеріне қызығушылық танытып отырады. Кейде «Сіздің айтқан өлең, ертегілеріңізді айтып берді» деп балаларының үйдегі қылықтарымен де бөлісіп отырады.

Қарашаш Есенбай: Қадағалау демекші, қазір балабақшалар камерамен жасақталып, тіпті кейбірін ата-аналар телефон арқылы бақылап отыратын мүмкіндік бар. Бұл тәрбиешілердің жұмысына кедергі келтірмей ме?

Роза Бекболатқызы: Қазіргі таңда барлық жерге камера орнатылған ғой, біздің балабақшамызда да бар. Егер әр тәрбиеші өз ісінің маманы болса, ол камерадан қорқады деп ойламаймын. Өйткені, оның ешқандай кедергісі жоқ! Тәрбиші күнделікті жұмысын уақытында өткізіп отырса, камераны ойламақ тұрмақ, уақыттың қалай өткенін байқамай қалады. Керісінше камераның пайдасы мол, мысалы біреудің заттары ауысып кеткенде немесе заттарын ұмыт қалдырғанда сол жерден қарап, анықтап жатамыз. Бізде камера үнемі қосылып тұрады.

Қарашаш Есенбай: Содан кейін, кейбір балаларды тәрбиешілер ерекше жақсы көріп тұрады деп жиі айтылады. Өзіңіз барлығына бірдей бола аласыз ба? Ол үшін қандай жұмыстар атқарасыз, әдістер қолданасыз?

Роза Бекболатқызы: Кейбір балалар өзіңді құшақтап, жақын тартып тұратыны рас. Ондай балалар менің де тобымда бар. Бірақ әрине, балалардың бәрін бірдей жақсы көремін! Бірге ойнап, бірге сөйлесуге тырысамын. Бір баланы басқалардан ерекше жақсы көру, өзгелердің қызғанышын тудырады емес пе? Сол үшін бәрін бірдей көру керек! Кейбір балалар оқу мен өнерде алғыр, зерек болады. Кейбір балалардың дамуы жай болады, олармен жеке жұмыс істеуге тура келеді. Ондай балаларға қосымша тапсырмалар беріп, жылдамдыққа тәрбиелейміз. Жеке тапсырмаларды бергенде әркім әлі жеткенше талпынып, үздік болуға тырысады.

Қарашаш Есенбай: Тәрбиешілердің мамандығына деген сүйіспеншілігін қалай арттыруға болады. Сіз қандай ұсыныстар айтар едіңіз?

Роза Бекболатқызы: Адам мамандықты жүрегімен таңдауы керек. Жүрекпен таңдаған мамандықты әркім жақсы орындауға тырысады. Жас мамандар көбірек ізденіп, өзін молырақ дамытқаны дұрыс. Қазір түрлі сайыстар, жобалар бар. Білімі мен тәжірибесін арттыру үшін сондай дүиенлерге қатысу керек деп ойлаймын. Сонда олардың мамандыққа деген махаббаттары артып, дамуға ұмтылады деген ойдамын.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз қатысқан «Жас маман» байқауы педагогтарға қандай пайда береді деп есептейсіз. Және нендей жауапкершіліктер жүктейді?

Роза Бекболатқызы: Мұндай жобалар педогогтың өз жұмысымен қатар, одан тыс шығармашылық жұмыстар атқаруына жол ашады. Сондай ақ материалдар жинау кезінде, өзінің азғандай уақыттағы жетістіктеріне көз жүгірте отырып, алдағы уақытта да алар асуларға шабыт береді. Өз-өзіне деген сенімділігін арттырады деп ойлаймын.

Қарашаш Есенбай: Сіздің жүлдеңіз өзіңізге қандай өзгеріс алып келді?

Роза Бекболатқызы: Менің жүлдем өзіме бірінші кезекте қуаныш алып келді! Барлық облыстардан қатысып жатқан республикалық жобада жеңіс бұйырғанына қатты қуандым. Сосын өзіме деген сенімділігім артты. Балабақшамыздың аты да кең көлемде танылып жатыр.

Қарашаш Есенбай: Енді өзіңіздің отбасыңыз туралы айтып беріңізші.

Роза Бекболатқызы: Мен педагогтар отбасында дүниеге келгем, анам мен әкем және екі әпкем де мұғалім. Сондықтан ұстаз болу менің қаным мен тәрбиеме сіңіп кеткен сияқты. Өзім 2009 жылы отбасын құрдым, қазір екі ұл тәрбиелеп отырған анамын. Қазір ата-енеммен бірге тұрамын.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз кішкентайлармен жұмыс істеп келесіз ғой, ал үйде өз балаларыңызға жеткілікті көңіл бөле аласыз ба?

Роза Бекболатқызы: Балаларыма үнемі көңіл бөліп отырамын. Жұмыстан келген кезде олармен сөйлесіп, сабақтарын, тәртіптерін қадағалаймын. Жұмысым көп болса да, оларды назарымнан тыс қалдырмаймын.

Қарашаш Есенбай: Жұмыс барысында баласы сізге бауыр басып, анасына қайтқысы келмейтін жағдайлар болды ма?

Роза Бекболатқызы: Енді дәл ондай жағдай болмаса да, қайтқысы келмейтін, үйіне кетіп бара жатып қайта-қайта құшақтап кететін балалар болады. Тәрбиеші баланың екінші анасы ғой, сондықтан таңнан кешке дейін сол баланың тәрбиесімен айналысқандықтан бар мейірім, жылуымызды, сүйіспеншілігімізді соларға арнаймыз.

Қарашаш Есенбай: Сіздердің балаларға деген сүйіспеншіліктеріңіз ортаймасын деген тілек айтқым келеді. Уақыт бөліп, сұқбаттасқаныңызға рақмет!