TED конференциясы дегеніміз не?


09.10.2018, 15:40

Құрметті Ozattar.kz сайтының оқырмандары! Сіздердің назарларыңызға "TED лекциясы" деген жаңа рубриканы ұсынамыз. Ең бірінші, TED жобасы туралы түсіндіріп өтсек. 

TED (ағылш. Technology Entertainment Design; Технология, Ойын-сауық, Дизайн) – бірегей идеяларды таратуды («ideas worth spreading») мақсат тұтқан, жыл сайын конференциялар ұйымдастырумен айналысатын халықаралық коммерциялық емес қор.

«Таратуға тұрарлық идеялар» деген айдармен өткізілетін конференцияның басты мақсаты – қалың көпшілікке қызықты идеяларды жеткізіп тарату. TED міндеті – идея тарату, идея аясында тегін білім беретін, ойшылдар ойынан шабыт алатын бір-біріне жақын қауымдастық құру. Идея адамның құлқын, өмірін өзгерту арқылы әлемді өзгерте алады.

TED конференциясы жыл сайын екі рет: АҚШ-тың Лонг Бич/Палм Спрингс жерінде және Шотландия астанасы Эдинбург қаласында болады. Аталған конференцияларда әлемнің үздік ойшылдары бір ортаға тоғысып, өздерінің ең маңызды ойлары мен әлемдегі көкейкесті мәселелерін айтады (18 минут бойы).

TED конференциясының әр дәрісі TED Talk деп аталады. Дәріскерлердің үздік орындаулары видео нұсқа үлгісінде www.ted.com сайтында жарияланады. Қазіргі кезде сайт дәрістерді ағылшын және басқа да шетел тілдерінде субтитрмен 1400-ден астам видео қоры жиналған және ол апта сайын толықтырылып отырылады. TED Open Translation Project жобасы бойынша 8000 ерікті адам (волонтер) дәрістерді ондаған тілге аударып жатыр. Сонымен қатар TED Talk-ті YouTube видео хостингісінен көруге мүмкіндік берілген.

Қазіргі уақытта, TED дәрістерінің 28-і қазақшаға аударылған.