«Үздік тіл маманы» атанған ұстаздар: «Онлайн олимпиадалар жемқорлықты жоя алады»


19.11.2019, 17:28

«Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағандай тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» , дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Осыны мақсат еткен біздің «SKILLS ACADEMY» ұжымы да жыл сайын аталмыш автордың атындағы республикалық қазақ тілі мен әдебиеті олимпиадасын өткізіп келеді.

Осы жылы да қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ІІІ Республикалық байқау өтіп, онда майталман ұстаздардың «Үздік тіл мамандары» мен «Үздік ұжымдары» анықталды. Республиканың түкпір-түкпірінен қатысқан жандардың ішінен оза шапқандарына «Үздік тіл мамандары», «Үздік ұжымдар» номинациялары берілсе, өзгелері ынталандыру сыйлықтарына ие болды.

Алдағы уақытта біз осы байқауда үздік нәтиже көрсеткен еліміздің мақтаулы ұстаздарымен болған сұқбаттарды назарларыңызға ұсынып отырмақпыз. Бүгін алғашқы біздің кейіпкерлеріміз — «Үздік ұжымдар» номинациясын иеленген Талдықорған қаласы № 14 орта мектеп-гимназиясының ұстаздары.

Алғашқы сұрағымыз аталмыш мектептің педагогы, «Үздік тіл мамандары» номинациясының иегері — Айгүл Қанапияқызына бағытталды.

Қайырлы күн, Айгүл Қанапияқызы. Сізді республикадағы «Үздік тіл маманы» номинациясын иеленуіңізбен құттықтаймын! Мұндай атақ алу өзіңізге қандай сезім сыйлады?

Айгүл Қанапияқызы: «Үздік тіл маманы» атану мен және ұжымдағы әріптестерім үшін үлкен мәртебе. Біз Ахмет Байтұрсынұлы атындағы олимпиадаға осымен екінші жыл қатысып отырмыз. Өткен жылы екі мұғалім қатысса, биыл алты педагог қатыстық. Оның бесеуі «Үздік тіл маманы» деген атаққа ие болды.

Осы секілді жобалар мұғалім мен оқушыға қандай пайда беруде?

Айгүл Қанапияқызы: Әр қатысқан сайын қазақ тіл мен әдебиет тануының негізін салған Ахмет Байтұрсынов жайында мәліметтерімізді толықтырып, оны оқытуды да тереңдетіп жатырмыз. Алда оқушылардың да білімін жетілдіруді ойлап отырмыз.

Алдағы уақытта мұғалімдер үшін қандай жобалардың болуын қалайсыз?

Айгүл Қанапияқызы: Мұғалімнің дамып, өсіп отыруы үшін біліктілігін шыңдайтын конкурс, олимпиадаларды жиірек өткізу керек. Әрі оған жас педагогтарды тартып, дәріптеу керек дер едім.

Тіл мәселесі қашанда өзекті, осы орайда қазақ тілі мен әдебиетіне деген оқушылардың құрметі қандай?

Айгүл Қанапияқызы: Оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетіне деген құрметі өз деңгейінде деп ойлаймын. Өйткені қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі «Жарқын болашақ», «Абай-Шәкәрім оқулары», «Ілияс оқылары» және пәндік олимпиадаларға тұрақты қатысып жүр. Сондай-ақ жүлделі орындардан да көрінуде, бұл да – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің еңбегі деп білеміз.

Қазақ тілінен сабақ беретін мұғалімдердің барлығы жоғары санатты деп айта алмаймыз. Сіздіңше оларға қандай талаптар қойылуы керек?

Айгүл Қанапияқызы: Дұрыс айтасыз! Менің ойымша да қазақ тілі мұғалімдеріне қойылатын талап басқа педагогтарға қарағанда өте жоғары болуы керек! Себебі қазақ тілі мұғалімі үнемі ізденіс үстінде жүруі, қазақтың ақын-жазушыларының шығармаларын оқып жүргені дұрыс. Мысалы «Абай жолын» жылына бір рет оқымайтын мұғалім оқушыларына қалай кітап оқыта алады? Сондықтан үнемі ізденіс пен еңбектену үстінде болуы керек.

Айгүл ханым, біздің сұрақтарымызға жауап бергендеріңіз үшін рақмет! Алдағы уақытта да жоғары жетістіктерге жете беріңіз! Әріқарай өзіңіздің әріптесіңіз, «Үздік тіл маманы» номинациясының иегері — Гүлжан Тұрарбекқызымен жалғыстырсақ.

Гүлжан Тұрарбекқызы сізді де «Үздік тіл маманы» атануыңызбен құттықтаймыз! Мұндай марапаттар педагогтарға қандай пайда береді және өзіңіз қандай мүмкіндіктер алғаныңызға тоқтала кетсеңіз?

Гүлжан Тұрарбекқызы:  Алдымен, осы марапат үшін сіздерге үлкен рақмет! Мұғалімдер үшін кез келген марапат — сый ғой, еңбектің бағаланғаны жақсы. Ал пайдасы дегенге келер болсақ, олимпиада оқушылардың әсіресе грамматиканы тыңғылықты үйренуіне септігін тигізеді. Себебі жаңа бағдарлама бойынша грамматика тереңдетіліп оқытылмайды. Алайда осы ол қылықтың орнын олимпиада кезінде толтырып отырады. Сондықтан бұл олимпиаданың пайдасы өте зор деп ойлаймын. Онлайн олимпиадалардың қоғамға берер пайдасы өте зор. Мысалы жергілікті байқаулардағыдай таныс-тамырлыққа жол берілмейді. Қоғамдағы «жемқорлық» дертіне тосқауыл болатын тәсіл деп ойлаймын. Оқушы, не мұғалім болсын өзінің жарнасын төлеп, тапсырма мен шарттарын орындайды. Одан кейін оның білімі шынайы түрде шығады. Сол себепті, бұл онлайн олимпиадалар қоғамдағы шынайылықты, әділдікті орнатуға көп пайда береді деп ойлаймын.

Өзіңіз жиырма жылдық тәжірисі бар педагог ретінде қазіргі жас мұғалімдердің ізденімпаздылығын қалай бағалайсыз?

Гүлжан Тұрарбекқызы: Жастардың ізденісін жоғары бағалаймын. Мысалы өзіміздің мектептегі жас педагогтарды жақсы жағынан жиі көремін. Ізденімпаз жас мұғалімдер жаңартылған білім берудің әдіс-тәсілдеріне өздерінің теорияларын қосу арқылы жаңа техникалар ойлап табуда өзіндік жаңалықтарын ашып жатыр.

Дәл қазіргі сәтте бізге педагогтардың мәртебесі мен біліктілігін арттыратын қандай жобалар қажет деп ойлайсыз?

Гүлжан Тұрарбекқызы: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «100 кітап» акциясы өтіп жатыр, осыған байланысты оқушыларға кітап оқыту мақсатында республика көлемінде байқаудың болуын қалар едім. Мысалы бір кітап, болмаса бір жазушының шығармалары негізінде өтсе, оқушылардың оқу үлгерімдері мен қатар шабыттары да артар еді. Осы орайда, сіздердің жүлделі оқушыларға республикалық газеттерге жазылым сыйлағандарыңыз да дұрыс шешім болғанын айта кеткім келеді.

«Үздік тіл маманы» номинациясы менің педогогтық өмірімдегі ең жақсы марапат болды. Сондай-ақ ойымды айтуға мүмкіндік бергендеріңіз үшін де рақмет! Еңбектеріңіз жана берсін!

Рақмет және сізге де алғыс айтқым келеді. Алдағы уақытта да сіздерді біздің жобаларымыздан көргіміз келеді. Білімді ұрпақ тәрбиелеу жолында бірге еңбек етейік.

Осы жылы жеңімпаз 100 оқушыға республикалық «Ұлан» және «Ақжелкен» басылымдарының алты айлық жазылымы сыйға берілсе, 50 оқушыға «Қазақстан үміті» төсбелгісі табысталды. Бұл да болса оқушыларға үлкен мотивация, басылымдарды оқу арқылы оқушылардың ақпараттары толығып, білім жетілтіретіні белгілі. Ал білім жинаған баланың жаман болмайтыны — ақиқат.

Сөз соңында жоба авторы және ұйымдастырушы Берікбол Төлегеннен олимпиада мақсаты мен мүдделері жайында білдік.

Берікбол Төлеген: А.Байтұрсынов атындағы олимпиада осымен үшінші рет өткізіп отыр, алғашқысы 2017 жылдың сәуір айында өткізілген болатын. Жылына бір рет өтетін байқауға қатысушылардың қызығушылы жыл сайын артып келеді. Оны қатысушыларымыздың олимпиаданы асыға күтетінінен аңғаруға болады. Қатысушылардың қызығушылығымен қатар, байқаудың да дәрежесі артып келеді. Олимпиада сұрақтарын арнайы тіл мамандары құрастарады, ол сүзгіден өтіп қатысушыларға ұсынылады. Онлайн олимпиада — барлық оқушыларды ынталандырып, қазақ тіл мен әдебиеттану ғылымына деген ынтасын жоғарылату мақсатында өткізіліп отыр.

Бұдан бөлек ұйымдастырушылар оқушыларды олимпиадаға қатыстырып қана қоймай, оларды игі іс-шараларға ат салысуға тырысып келеді. Соның бір дәлілі ретінде «ДОМ» қоғамдық қорыны аударылатын  қаржылай көмекті айтуға болады. Берікбол Төлегеннің айтуынша, конкурс жарнасының белгілі бір пайызы «ДОМ» қоғамдық қорына аударылып, науқас балалардың ем-домына жұмсалып отыр екен. 

«Біз осындай конкурстар арқылы қайырымдылықпен айналысуды да көздейміз. Мысалы алдыңғы олимпиадамыздан бөлінген қаржы Кемелхан Арсен есімді балаға, ал биылғы қаржы Қали Айдана есімді жеті жасар қыздың еміне жұмсалып отыр. Яғни біз осындай бағдарламалар арқылы өсіп келе жатқан балаға қоғамға пайдалы болуды, азаматтық қоғам құруды насихаттағамыз келеді. Міне, осы мақсаттымызды біз сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде де көрсеткіміз келеді»- деген Берікбол Төлеген алдағы уақытта да осындай шараларды дамыта түскісі келетін айтты.

Сайттағы онлайн олимпиадалар мен жобалар ерекшелігі қазақтың белгілі тұлғаларының атында өтеді. Осы арқылы тұлғаларды ұлықтап, әрі пайдалы іс атқаруды көздеген ұжым Бекмаханов олимпиадалар нәтижесінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің тарих факультетінде ашылған профессор Бекмаханова атындағы кабинетке арнайы тақта-экран тарту еткен болатын. 

«Ұлт болашағы -білімді ұрпақ қолында» деген елбасының сөзі де жарқын істерге апарар жолды меңзеп тұрғандай. Осы орайда біздің сайттың оқырманға ұсынар жобалары көптеп болмақ. Бұл жолда оқушы мен педагог ізденісінің нәтижесі оң болғай.

Авторы: Қарашаш Есенбай